БАЙҚОҢЫРДЫ ДАМЫТУ ЖӨНІНДЕГІ ҮКІМЕТАРАЛЫҚ КОМИССИЯНЫҢ ОТЫРЫСЫ КЕЙІНГЕ ШЕГЕРІЛДІ
6-7 маусымға жоспарланған «Байқоңыр» кешені жөніндегі қазақстандық-ресейлік үкіметаралық комиссияның бесінші отырысының датасы өзгерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Мәжілістегі Үкімет сағытынан кейін ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Марат Нұрғожин аталған кездесу шамамен 13-15 шілде аралығында ұйымдастырылатынын жеткізді. Бұл жиынды өткізу мерзімі Астанада Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының шараларын өткізуге байланысты ауыстырылды.
«Күн тәртібіне он мәселе шығарылды, яғни олар Байқоңыр кешенін дамыту туралы өткен жылы қабылданған тұжырымдаманы жүзеге асыруға қатысты болып отыр. Сонымен қатар негізгі мәселе «Бәйтерек» зымыран кешенін құруға байланысты», - деді вице-министр.
Айта кетейік, «Байқоңыр» кешені бойынша одан әрі ынтымақтастық Тұжырымдамасы әзірленіп, құжатқа қол қойылған болатын.