МӘМБЕТ ӘУЛИЕНІҢ ҰСТАХАНАСЫ
Мәмбет әулие Олжабайұлы 19 ғасырда қазіргі М.Шәменов ауылдық округіне қарасты «Көктонды» асарының маңында дүниеге келген. Шыққан тегі – Кіші жүздің Табын тайпасының Тоқберлі аталығы.
Аңыз бойынша, Мәмбетке әулиелік және ұсталық қасиет бала шағында, яғни 7-8 жасында қонған.
Бір күні осы қазіргі ұстаханасы тұрған жерде мал жайып жүрген бала Мәмбет қасындағы балаларға: «Ананы қараңдар, ұстахана ішінде көрік басылып, төстегі темірді біреулер балғамен ұрып жатыр, дауысын естідіңдер ме?» – деп сұрайды. Балалар аң-таң. Бұл жәйт ертеңіне де, одан кейінгі күні де қайталанады. Бұл «кереметтен» қорыққан Мәмбет мал бағуға шықпайды. Әкесі Олжабай одан мән-жайды сұрап біліп, ауыл ақсақалдарына айтады. Олар жиналып Мәмбетті ортаға алып, әлгі жерге келеді. Мәмбет баяғы көрген ғажаптарын қайтадан көреді. Сонда қарттардың бірі: «Мұндайда мал шалып, құрбандық беру керек» – дейді. Сол арада Олжабай астындағы мініп жүрген ақбоз атын құрбандыққа шалып жібергенде, әлгі гүрсілдеген көрік, жалаңдаған от, шақылдаған балға, төстердің бәрі маңындағылардың көзіне көрінген екен. Содан ауыл ақсақалдары: «Мына ұста дүкенінің иесі Мәмбет болады» – деп бала Мәмбетке баталарын беріпті.
Сол кезден бастап, Мәмбет өзінің ұстаханасында көк темірден қазан, кепсер, балға, балта т.б. күнделікті тұрмысқа қажетті заттар мен әшекейлі зергерлік бұйымдар жасай бастайды.
Әулиенің пірі жеті қазан, аққу, жолбарыс, қасқыр, жылан болған деседі. Ұстахана гүрсілдеп соғылып жатқанда аққу төбеде қалықтап, дүкеннің төрінде жолбарыс, екі босағаның оң жағында қасқыр, сол жағында жылан жатады екен.
Мәмбет әулие туралы ел аузында аңызға айналған әңгімелер көп. Мысалы, ол кісі жарылған қазанды қалпына келтіру үшін темір балқып жатқан отқа қолын сүңгітіп алып, қазанды сипағанда жарық бітеліп қалады екен… Таз адамның басын қолымен бір сипағанда жазып жібереді екен т.б.
Жалпы, ұсталық өнерді қазақ халқы қашан да киелі санаған. Ұста дүкеніне дәрет алып, таза киініп барған. Ұстахананың айналасын тап-тұйнақтай етіп таза ұстап, лас нәрсе төкпеген.
Қайтыс болар шағында өзінің көңілін сұрай барған Тартулының игі жақсыларына Мәмбет: «Ақырдан Мәмбет болып өтермін. Басыма үйтам салмаңдар, ашық төбенің басына қоярсыңдар», – деп өсиет айтып кетіпті.
Мәмбет әулиенің ұстаханасы «Жалағаш–Шаменов» тасжолының бойында, Жалағаш кентінің батысында 8-9 шақырым жерде орналасқан.
2013 жылдың маусым айында аудан жұртшылығы Мәмбет әулиенің рухына ас беріп, ұстаханасының орнына жаңадан ескерткіш белгі орнатып, зиярат етіп келушілерге арнап қонақ үй салды.