«ҚАРАСАҚАЛ ӘУЛИЕ ҚОРЫМЫ» ЖӘНЕ АЙНЫҚ БАТЫР
Кіші жүз шежіресін жазған Қарасақал Ерімбет Көлдейбекұлының шежіресінде кіші жүз Бекарыстан Алау батыр, Арғымақ туады. Арғымақтан жеті руды таратса, Алау батырдан Алшын жеке туады. Алшыннан Қыдуар тентек. Қыдуар тентектен Қадырқожа (лақап аты Қаракесек), Қыдырқожа (лақап аты Байұлы) екі бала. Қыдырқожадан он екі ата Байұлы тараса, Қадырқожадан Байсары, Әлім, Шөмен үш бала тарайды. Әлімнің бәйбішесінен Жаманақ (Шекті), Қарамашақ (Төртқара), Айнық (Қарасақал) тоқалынан Ұланақ (Қаракесек), Тегенболат (Қарасақал) жеңгелей алған әйелі Кетебикеден Тойқожа (Әлім Кетесі немесе Ақ Кете) барлығы алты бала. Жаугершілік заманда әр рудан, әр елден бірлі – жарым батыр шықса, Әлімұлы Айнық (Қарасақал) батырдан Айнықұлы (Қарасақал) Сарыбас, Еременұлы (Ремен) Итемген, Мырзакелдіұлы Шағырай, Ер Мәулім, Жанайұлдары Кәдір, Сәдір, Бекшеұлдары Қожа, Дабыл сияқты құба қалмақтарынан, түрікмендерден, Хиуа хандығы басқыншыларынан және де басқа жаулардан елді, жерді қорғаған әруақ қонған, киелі, қол бастаған елуге тарта атақты батырлар мен Сыр сүлейі атанған, ақын, шайыр, шежіреші Қарасақал Ерімбет Көлдейбекұлы шыққан аталық. Жаугершілік заманда атақты батыр тұлғалардың рөлі маңызды болғаны анық. Осыған орай 89 жасында бұл дүниеден өткен, кезінде Қазақ Совет энциклопедиясына көптеген мағлұматтар берген шежіреші Қызылбай Қарабалаев (1896-1985ж.) ақсақалдың айтқан бір әнгімесінде: Ертеде қазақпен қалмақ (негізінде Шыңғысхан ұрпақтары болуы да мүмкін Т.Т.) соғысып, барымталасып жүрген кезі екен. Бір күндері қазақтың ханы қалмақтың жиі, тұтқиыл шабуылынан мезі болып, қалмақта кеткен мал-жанын қайтару үшін қол жинап жорыққа аттаныпты. Барса қалмақтар жау келе жатқанын біліп, қорған ішінде тұрып таспен, садақпен атып, қазақтарды қорғанға жолатпайды. Сөйтіп, бірнеше тәулік қамалды қоршағанымен жауды ала алмай, ханның әскері қайтуға бет алады. Айнық пен Тегенболат өздерінің аздаған сарбаздарымен ханға келіп, қамалды алудың бір жолы бар, әскеріңізді бір күнге кідіртіңіз – дейді. Басқа шарасы таусылған хан келісімін береді. Хан әскері күн бата еліне қайтқан болып, таң қараңғысында аттарының аяғына киізден шұлық кигізіп, Айнық пен Тегенболат бастаған көп қосын қорғанға жаяу еңбектеп келіп, қамал қақпасын балталап бұзып, қалың атты әскерді ішке кіргізіп, жауды жеңіп, мал-мүлкін олжалап еліне қайтыпты. Ел шетіне келген соң олжа бөлісіпті. Олжа бөлушілер бірінші бөлісті ханға, екінші бөлісті билер мен әскер басыларға, үшінші бөлісті ханның ұсынысымен «қара сақалды екі батырдың арқасында жауды жеңіп, олжа салып отырсыңдар, сондықтан да үшінші бөліс олжаның билігін сол екі қара сақалды батырларға беріңдер»-депті. Хан нөкерлері «екі қара сақалды» батырларды көрдіңдер ме?–деп қалың сарбаз ішінен көп іздепті. Ол кезде Айнық пен Тегенболат қасындағы сарбаздарымен көл жағасында жуынып жатса керек. Хан нөкерлері екі батырды тауып, хан алдына апарып, олжадан үлесін беріпті. Айнық пен Тегенболат екі батырдың «Қарасақал» атануының мәнісі осылай болған екен деген аңыз бар. Олар жауға шапқанда «Аллажарлап» шапса керек, содан Қарасақал руының ұраны «Аллажар» болған. Айнық өте батыр адам болыпты. Шежіреші Қызылбай ақсақалдың айтуынша: - Бірде тұтқиылдан жау шауып, соғыста жүз адамға пай бермейтін, сауыт-саймансыз, тұсаулы атына жете алмаған Айнық (Қарасақал) батырға Жем бойындағы Оймауытта қапылыста оқ тиіп, қаза тауыпты.
«Батыр Қарасақал» аталған Әлімнің үшінші баласы Айнықтан Сарыбас жеке туған. Айнық өлген соң әйелі Ырыстыны әмеңгерлік жолымен Әлімнің бесінші баласы Тегенболатқа некелеген. Тегенболаттың жеңгелей алған осы әйелінен Шіңгір, Пұсырман туып, бір анадан туған үш баладан тараған ұрпақ «Үш қарасақал» аталып жүр. Ал, Қазақ Совет энциклопедиясының 1975 жылы Алматыдан шыққан 6-томының 497 бетінде: Қарасақал–Кіші жүз Әлімұлының бірлестігінің руы. Қарасақалдан Сарыбас, Пұсырман және Шіңгір ұрпақтары тарайды. Ел арасында бұларды «Үш Қарасақал» деп атайды. Қарасақал атауы-Тегенболат деген кісінің лақап аты. Қарасақал ұрпағы Ұлы Октябрь социалистік революциясына дейін Сырдария мен Қасқадария (Сырдарияның бұрынғы арнасы) арасындағы Ақсеңгір, Көксеңгір деген жерлерде қыстап, жазда Торғай даласы мен Тобыл бойына дейін жайлаған. Қарасақалдың рулық таңбасы ^, Ұраны «Алдияр» - деген анықтама бар. Нақтысында таңбасын жебе, ұраны «Аллажар» деп оқыған дұрыс.
Айнық ерте қайтыс болған соң, ұзақ өмір жасаған Тегенболатты «Қарасақал» деп таныған болуы керек. Әлім-Шөмен балаларының ішінде көнеден қалған сөз бар: ХІХ –ғасырдың ішінде Әлім–Шөменнің игі жақсылары жиналған бір жиында «Би кім?, батыр кім?, мырза кім?» - деген сұрақ қойылыпты. Сонда би –Төртқара, батыр-Қарасақал, мырза-Шөмекей -деген екен. Бұл сөзге сол кездегі үлкендер тоқтап, әлі күнге дейін айтылып келеді.
Ақтөбе өңірінде 1998 жылғы 11-12 тамыз күнгі журналист Айжарық Сәдібекұлының Қызылорда облыстық «Сыр бойы» газетіндегі «Бақтыбайлап ұран салғанда» және 16-қазан күнгі Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, облыстық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Камал Бердәулетовтің Қызылорда қалалық «Ақмешіт ақшамы» газетінде «Еліне ұран болған Бақтыбай батыр» мақалаларында тарихи тұлға кіші жүздің батыры Бақтыбай Төлесұлының (1698-1758 ж.) дүниеге келгеніне 300 жылдық тойына Қызылорда облысынан 50-ге жуық делегаттардың құрамында шақырылып, қатысқандарын әңгімелей келіп, Бақтыбай батырдың мәйіті Ақтөбе облысындағы Байғанин ауданы (бұрынғы Табын ауданы) Жем өзенінің бойындағы «Қарасақал Әулие» қорымында жатыр, ол мемлекеттік көне тарихи ескерткіштер санатына тіркелген»-деп жазылғанын оқыдық. Жергілікті халық “Қарасақал Әулие” қорымы деп ұмытпай атап жүрген жерде көне бейіт орны төбешік (құлаған мазар болуы керек) болып жатыр. “Қарасақал әулие” бейіті -деп жергілікті халық зиярат жасап тұрады екен.
Шежіре жазушылар әр аталықты 30-35 жылдан есептеген. Әлімнің белгілі тарихи тұлғаларының туған жылдарымен салыстыра отырып, есептегенде, Айнық (Қарасақал) шамамен ХҮ-ХҮІ ғасырда өмір сүрген (20-30 жыл айырма болуы мүмкін) деуге болады. Үлкендер Айнық шамамен 28 жас жасап, елін, жерін монғол және құба қалмақтарынан қорғауда батырлығымен, киелілігімен «Қарасақал батыр», «Қарасақал әулие» атанған Айнық батырдың жерленген бейіті, кейін қорымға айналған деп ұрпақтан ұрпаққа айтып келеді. Айнықтың інісі Әлімұлы Тегенболат Ақтөбе облысы, Байғанин ауданының оңтүстік бетінде, бұрынғы «Диар» совхозы, қазіргі «Бесбай» шаруа қожалығынан 5-6 шақырым жердегі Жем өзенінің бойында «Қарасақал Тегенболат» аталған бейіттің бар екені айтылып жүр. Ағайын адамдардың жай тапқан жерлерінің ара қашықтықтары атпен жүрсе жобамен 100-120 шақырым шамасында екен.
Біз Қызылорда облысы, Қазалы ауданының бір топ «үш қарасақал» атанған Айнық пен Тегенболаттың ұрпақтары 2014 жылдың қыркүйек айының 26-28 күндері Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы, Жарқамыс елді мекенінен 60 шақырым жердегі Жем өзенінің оңтүстік бойындағы көптеген бейіт қойылған қорымның батысында орналасқан төрт темір қада, сыммен қоршалған, бұдан 560 жыл бұрын шамасында салынып, бұл күнде құлап төмпешік болған «Қарасақал әулие» бейітіне зияраттауға бардық. Жол бастаушыларымыз аудан орталығы Қарауылкелді елді мекенінің тұрғындары Өтесбай Қалиев, Алтай Елубаев және 82 жастағы осы өңірдің тарихын зерттеумен ұзақ жылдар бойы айналысқан, көптеген атақ пен марапаттардың егесі, ардагер ұстаз, бірнеше кітаптардың, көптеген мақалалардың авторы, Қаражар ауылының тұрғыны Бисен Жақанов ақсақал болды. Осы кісілермен кездесу барысында біз еліміздегі бұрыннан айтылып жүрген шежіредегі Қарасақал Айнық батырдың Жем өзені бойында өлтірілгені туралы айттық. Тарихтан ХҮ-ХҮ11 ғасырда Әлім тайпалары оның ішінде Қарасақал, Төртқара рулары Борсық, Жем, Сағыз, Ырғыз, Тобыл, Жайыққа дейін жайлағаны айтылады. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты, 2003 жылдан бері Сыр бойы халқының тарихын зерттеуменмен айналысып жүрген Қуандық Әбдіразақовтың «Қазалы» газетінің №39(726) 27.05.2015 жылғы жарияланған «Жайықтан ауған көш» мақаласында Әлім тайпасының орта ғасырда Ақтөбе, Батыс Қазақстан өңірінде ғұмыр кешіп, Төртқара, Қарасақал, Қаракесек, руларының Жем, Сағыз бойында қалғаны айтылады. Қазақстан тарихында 1710 жылы Қарақұмда үш жүз өкілдерінің Жоңғарға қарсы күрес ұйымдастыруға арналған жиыны өтіп, кіші жүз рулары Ресейге бодан болып Еділ бойына орналасқан құба қалмақтарынан ығысқан жалпақ ел Сыр бойына қарай ауған. Үдере көшу басталып, Аралға жеткен көштің алды Арал теңізін жағалай қоныстанып, ру ақсақалдары жер бөлісін бастап, қалғандары дау-дамайсыз Сырдарияның екі бетін өрлей, біртіндеп шежіредегі ата жолымен орналасқаны айтылады.
Рай Ақтемісов деген кісінің әкесі Тілегенұлы Ақтеміс ақсақал 1940 жылдары «бұл қорым Әлімнің қорымы»-деп айтқан екен және қорымның батыс бетінде мал баққан Төлекен Айтжан деген кісі «Қарасақал әулие бейіті, -Төлекен Айтжан, № 3 Қалдайбек фермасы, 1967 ж.» -деп сым темірмен күйдіріп жазып,, басына төрт метрлік емен тақтайды тікесінен көміп, бейітті мал баспайтындай төрт темір қазық қағып, сыммен қоршап, қараудар болып жүрген екен.
–Ол кісі 1980-жылдар шамасында 80 жастың үстінде дүниеден өткен-деді Бисен аға. Өте ертеде құлаған бейіт төмпешігінің жанына жақын жылдары Бақтыбай Төлесұлына (1698-1758ж.) ұрпақтары кесене салып, құлпытас орнатылғанын көрдік. Біздің түсінбегеніміз, осы кесене алдындағы құлпытас жанына қосымша Битілеу балалары атынан және Орынбай немересі Марат атынан жақын жылдары қойылған екі кішкене құлпытастарға «Бақтыбайдың халық қойған аты Қарасақал екен» - деп жазыпты. Бақтыбай батырдың туғанына 300 жылдық тойына қатысқан делегация мүшелерінің жазуында, Ақтөбе жерінде өткен ғылыми конференция кезінде «Қарасақал Әулие» қорымына жерленген деген сөз бар да, Бақтыбайдың лақап аты «Қарасақал» екен деген сөз жоқ. Қорым басындағы бейіттерге қойылған біркелкі мыңға жуық тақтатаспен қаланған бейіттер, құлпытастар бұдан шамамен 100-250 жылдар бұрын қойылған болуы керек. Құлпытастардың өрнектері, жазулары керемет әдемі ақ тастарға ойып жазылған. Ерекшелігі, әйелдерге қойылған құлпытастардың ұшында сәукеле бейнеленсе, ер адамдарға дулыға, қылыш, найза, қалқан салынғандары бар. Жалғыз «Қарасақал әулие» бейітінде құлаған мазар орнындағы үйілген көне топырақтан басқа ештеңе қойылмаған. Соған қарағанда бұдан шамамен 565 жыл бұрын жау қолынан 28-30 жас шамасында қаза болған Айныққа дұрыс белгі қоя алмауы, қойса да көнерген болуы, әлде үйінді астында қалуы мүмкін. Ал Бақтыбай батырға, кемеліне келген, атақ-даңққа бөленген ерге ел қатарлы құлпытас қойылмауы, мазар салынбауы қалай?! «Қарасақал әулие қорымы» деп 1758 жылдан бұрын да аталып келе жатыр емес пе? Неге «Бақтыбай батыр қорымы»-деп аталмаған? Қонысы бөлек бұл елмен қатынасы жоқ, Қазалы жеріндегі ертеде өмір сүрген қарасақал ағайындар Жем бойында Айнық атамыз жатыр деп шежіреде бекерден айтып жүрмеген болар-деп ойлаймыз. Осы жөнінде бізге жол басшы болып барған, жергілікті Қаражар ауылының тұрғыны тарихшы ұстаз Бисен Жақанов ақсақалдан сұрағанымызда: - Біздің естуімізде ертеде Әлім тайпасы қоныстанған жер екені, даусыз. «Қарасақал әулие» бейітін иеленіп жатқан азаматтар болмағандықтан кейінгі ұрпақтары Бақтыбай батырға теліп жүрген болуы керек. Сіздердің шежірелеріңізге қарағанда бұл Әлімнің Қарасақал руының батыры және әулиесі Айнық деп есептеймін. Себебі осы уақытқа дейін Бақтыбай батырды лақап атымен «Қарасақал» деп атағанын еш уақытта естіген емеспіз-деп елдегі үлкен кісілер де күмәнмен қарайды. Кезінде Байғанин аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы, бұрын партком хатшысы, совхоз директоры қызметтерін атқарған Ибрагим Ермекбаев деген азамат.
2016 жылдың 28-31 шілде күндері Ақтөбе қаласында болғанымда Ақтөбе облысында танымал, кезінде көптеген лауазымды қызметтер атқарған, бұл күнде зейнеткер «Әйтеке би қоғамдық қорының төрағасы» Еркін Құрманбеков ағамен сұхбаттасқанымда «Кезінде мен де облыстық баспасөзде «Қарасақал Бақтыбай ма, Бақтыбай Қарасақал ма? » атты мақала жазып, «Қарасақал әулиені» Бақтыбай батырға телудің дұрыс емес екенін білдіріп, пікірімді жазған едім- деген болатын. Ақтөбе қаласының бұрынғы тұрғыны, соғыс және еңбек ардагері, Өзбекстан және Қарақалпақстан Республикасына еңбегі сіңген экономист, экономика ғылымдарының кандидаты бұл күнде марқұм болған Дәулет Жұмабаев ақсақал да «Табын» газетінің № 3 (07.09.2008 жыл) санында «Қарасақал әулие зираты және Қарасақал руы туралы кейбір ойлар» атты мақаласын жариялаған екен. Біздің тарихымыздың түбірі осындай ауызша айтылған аңыз әңгімелерден, шежірелерден шығып жүр емес пе? Қарасақал ұрпақтары кезінде Кеңес заманындағы атеистік, коммунистік идиологиялық көзқарастан арылмағандықтан және қоныстың бөлектігіне байланысты бас қосылғанда айтып қана келсек, ендігі жастардың шыққан тегіне, бабаларының мәңгілік жай тапқан жерлерін зерттеуге қызығушылығы зор екені байқалады.
Келешекте бұл жерде алғаш кімнің жерленгенін анықтауды Ақтөбе облыстық мәдениет басқармасы, зиялы қауым, өлкетанушы-ғалымдар зерттеп, талқылап бір шешімге келер, әділетін айтар деген ойдамыз.
Төлепберген ТІЛЕУҚАБЫЛҰЛЫ