МЕНІҢ ҚАЛАМ ГҮЛГЕ ОРАНҒАН ДЕСТЕЛІ
Кешелі бері Алаш жұртына астана болған Ақмешіт қаласының 199 жылдығы аталып өтілуде. Екі ғасырлық тарихы бар шежірелі шаһардың мерекесі «Сыр сүлейлері» аллеясында түрлі фестивальдерден бастау алды. Сыр жағалауындағы жақұт қалаға ақындар да жыр арнауда.
Менің қалам гүлге оранған дестелі,
Мамыражай шақ сыйлайды кештері.
Кемел тірлік өркен жайған қалада,
Қандай ғажап жас шыбықтар өскені!
Менің қалам- болашақтың ұраны,
Сырдария- бұл шаһардың тұмары.
Сыр бойынан қанат жайған қалаға,
Сырдың суы сәуле шашып тұрады.
Зәулім үйлер бой түзеген көкпенен,
Қиял самғар сұлу Сырда көк дөнен.
Жастар жағы гүлзар бойлар жымыңдап,
Мақпал түнгі жұлдыздары өшпеген.
Самала ғой түнгі шамы жақұттай,
Кеше қандай, бүгін қандай?Уақытты-ай.
Түн патшалық құрған тұста тілдескен,
Шеру тартқан жастар неткен бақытты-ай!
Түнге көрік- бас шаһардың шырайы,
Жарық шамның сан құбылған нұр-айы.
Дәулетіне сәулеті сай қаланың,
Шұғыласы, салтанаты шынайы!
Гауһар Қожахметова.