«ЖҰЛДЫЗАЙДА» ЖҰЛДЫЗДАР ЖАРҚЫРАДЫ
Облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен, «Нұр Отан» партиясының Қызылорда облыстық филиалы қолдауымен 10-18 жас аралығындағы мүмкіндігі шектеулі балалардың арасында I спартакиада мен «Жұлдызай» ХІІ шығармашылық фестивалі өтті. Бұл туралы облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
Спартакиадада балалар спорттың 4 түрінен (мини футбол, асық ату, жеңіл атлетика, үстел теннисі) жарысқа қатысты. Барлық 48 қатысушы облыстық білім басқармасының дипломымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Ал «Жұлдызай» шығармашылық фестивалі Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің Студенттер сарайында өтті.
Аудандық, қалалық іріктеу кезеңінде барлығы 320 бала өнер көрсетіп, облыстық фестивальге жолдама алған 150 бала ән айту, би билеу, әнді ым ишаратпен айту, аспапта ойнау, қолданбалы көркемөнер, сурет-бейнелеу өнері бойынша сынға түсті.
Әрбір өнерпаз бала «ТорғайПетролиум» АҚ, облыстық мәслихат депутаттарының сый-сыяпаттары мен облыстық білім басқармасының дипломын иеленді.
Фестиваль соңында Қазақстанның эстрада әншісі Нұржан Керменбаев сахнаға шықты.
«Жұлдызай» мүмкіндігі шектеулі балалар шығармашылығының фестивалі мен спартакиаданың облыстық іріктеу кезеңінің жеңімпаздары 1 маусым - Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесіне орай Алматы қаласында өтетін шараға жолдама алды.