ҚЫЗЫЛОРДА, ҚАҢТАР ҺӘМ ҚЫРАУ
Әдетте үлкендер «Мешіннің қысы қатал келеді» деп жататын еді. Бірақ биылғы қыс малға да, жанға да жайлы болып тұр. Тек осы апта басында ғана кәдімгі бет шымшитын аяз болды. Тал-дарақты қырау басты. Бәріміз сүйсініп жүрген осы көріністі дүниеге фотоаппарат көзімен қарайтын Андрей Тайгунов әдемі суретке айналдырып үлгеріпті. Оның фотоларын көргенде белгілі ақын Қалқаман Сариннің қыс туралы мына бір өлеңі тілге орала кетті.
Менің сырқат санамды сауықтырған,
Қарға қарап, қуандым жауып тұрған.
Қар астында қамалып қалса дедім,
Қу тірлігім жанымды жалықтырған.
Аспанымнан ағылған ақ қар мынау,
Ағыл-тегіл сырыңды ақтардың-ау.
Жауған қарға көз алмай қарап тұрдым,
Тереземнен телміріп, қатқан қырау.
Көзіме көрінгенмен алыс мүлде,
Қиялым қанат қақты таныс күнге.
Ақ адал балалығым асыр салып,
Алаңсыз ойнап жатты қар үстінде.
Айнала ажарланған ақ күміс күн,
Сол кезде баянсыз бір бақты құштым.
Арманым ақ сағымға сіңіп кетті,
Қалмады. Құшағыма қатты қыстым.
Бұл өзі елес екен, жан жұбатпақ,
Ғұмыры қысқа болды қардың әппақ.
Жер бетінде мәңгілік қалмас ешкім,
Қысты да көктем келіп зар жылатпақ. ...
Бүгін тағы толассыз жауды аппақ қар,
Көңілсіз құлазиды жаурап бақтар.
Жер бетіне жеткізіп ғайып сырын,
Түсіп жатыр аспаннан саулап хаттар.
Суреттерді түсірген Андрей ТАЙГУНОВ