«ЕҢ БАСТЫСЫ НИЕТ ПЕН ТАБАНДЫЛЫҚ КЕРЕК»
Қазір елімізде кәсіпкерлікке жан-жақты қолдау көрсетіліп, өз кәсібін ашамын деген кез келген адамға барлық жағдай жасалған. Бүгін біз қазалылық Алмас Әділбаевтың өз кәсібін ашудағы алғашқы қадамдары туралы айтпақшымыз.
Қызылорда облысына қарасты Қазалы ауданының тұрғыны Алмас Әділбаев 2013 жылы жеке кәсібін ашады. Алғашқы кәсібін балаларға арналған аттракциондар орнатудан бастаған ол балалардың, әсіресе жаз мезгілінде бос уақытының көп, баратын жерлерінің жоқтың қасы екендігін байқап, оқу орталығын ашуды жоспарлайды. Бұл жөнінде кәсіпкердің өзі: «Өткен жылы күзде Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасының кеңесшілерімен осы бағытта не істеуге болатындығын ақылдастым, кеңес алдым. Палата қызметкерлері ойымды қағазға түсіріп, бизнес-жоспар жасауға көмектесті. Осы жерден кәсібін жаңа бастаған азаматтар үшін «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасының әлеуетін пайдалануға болатындығын білдім. Осылайша, «DAMU StartUp» жобасына қатысып, биыл банктен 18,5 млн.теңге несие алдым. Қазір оқу орталығының базасы жөндеуден өткізілуде. Жақын күндері ашуды көздеудеміз. Бұл жерде балаларға барлық пәндерге қатысты қосымша білім беріледі: бастауыш сынып оқушыларынан бастап, мектеп бітіруші түлектерге дейін қамтымақшымыз. Біздің орталықта айына жобамен 130 бала оқып, Орталық жыл он екі ай жұмыс жасайтын болады» - деді.
Алмастың мемлекеттік бағдарламаның шапағатын көруі мұнымен тоқтап қалған жоқ. Ол биыл «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасының «Іскерлік байланыстар» жобасы аясында Германияда болып, бір айлық курстан өтті. Бұл жерде ол біліктілігін арттырумен бірге, германдық бірнеше компаниямен байланыс орнатып, елімізде бірлесе кәсіп жүргізу бағытында келіссөздер жүргізуде.
«Ең бастысы ниет пен табандылық болса, кәсіп ашып, тірлік жасау соншалықты қиын емес екен», - дейді Алмас Әділбаев. Кәсіпкер бүгінде замандастарын мемлекеттің жасап отырған жағдайын тиімді пайдаланып қалуға шақыруда.
Айта кету керек, осы уақытқа дейін Кәсіпкерлер палатасына кеңес алу үшін хабарласқан 7,5 мыңға жуық кәсіпкерге 11 мыңға жуық кеңес берілді. Биылғы жылдың 4 айының өзінде 2616 кәсіпкерге 4529 кеңес берілді. Ерекше атап өткен жөн, көрсетілген қызметтердің басым бөлігі ауылдық елді мекендердің кәсіпкерлерінің үлесінде.
Қызылорда облысының
кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі