НАШАҚОРЛЫҚ – ҒАСЫРЛЫҚ ІНДЕТ
Қызылорда ОІІД-нің есірткі бизнесіне қарсы күрес
басқармасы жариялаған сайысқа
басқармасы жариялаған сайысқа
Назарларыңызға Байқоңыр қаласындағы №274 орта мектеп оқушыларының қоғамды жалмаған есірткіқұмарлық дерті жөніндегі шығармаларын ұсынып отырмыз.
НАШАҚОРЛЫҚ – ҒАСЫРЛЫҚ ІНДЕТ
Денсаулық байлықтан қымбат.
Д.Рей
Менің ұраным: Есірткі, уытқұмар нашақорлық, Д.Рей
Бұл кесірге арамыздан орын жоқ!
Менің үндеуім: Айтылмаған мұң мен шер тарқасын ба?
Адал ниет жақсы жан жүр қасыңда.
Салауатты өмір салтын ұстанайық,
Деніміздің саулығының арқасында.
Иә, «Дені саудың –жаны сау» демекші, әр адам үшін денсаулықтан артық бағалы бақыт та,байлық та жоқ деп түсінемін.Сол денсаулықтың арқасында өз ортамызда еркін ойнап-күліп,шат-шадыман өмір сүрудеміз. Күнделікті теледидардан мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірі мен жан дауасына шипа таппай, көпшіліктен көмек сұраған жандардың жан жарасын көргенімде еріксіз ойда қаламын.Ал сол денсаулықтың қадірін кей адамдар біле бермейді-ау. Өйткені өз денсаулығына өздері нұқсан келтіріп,айықпас дертке шалдығады.
Қазіргі қоғамдағы деректерге сүйенсек,жасөспірімдер арасында да нашақорлыққа бой алдыру белең алып барады. Мектептерде сол дерттің алдын алу мақсатында түрлі іс-шаралар өткізіледі. Оқушылармен осы тақырыпта түрлі тәрбие сағаттары,пікірталас өткізіліп,сауалнама алынады.
Нашақорлық – бүгінде қоғамды алаңдатып отырған ғасырлық індет.Кейбір жастарымыз бүгін есірткіге әуестенсе,ертеңгі күні көмескі көлеңкеде қалып қоймай ма? Осы есірткіге есеңгіреген қандастарымыз тіпті өз бауырларына да қанішерлік қастандық жасап жатқан жоқ па? Олар неліктен өз өмірін ойран етеді?! Мені сол жалындаған жастардың болашағы алаңдатады. Менің ХХІ ғасырдың жас жеткіншектеріне айтар достық ақыл-кеңесім:Өмір адамға бір-ақ рет беріледі. Асыл анаң саған жарық өмір сыйлады.Сенің адал өмірің,сенің еңбексүйгіштігің, сенің білім алудағы,еңбектегі табыстарың – ата-анаң үшін зор бақыт. Сол бақытты бағалай білейік, достар. Өмірдің мәнін түсініп, қателікке бой алдырмай, өз болашағымызды жарқын ету үшін адал жолмен жүрейік демекпін.
Салауатты өмір салтын ұстану - әр азаматтың бүгінгі күнгі міндеті. Бағалы байлық денсаулықтың қадірін бүгіннен ойлап,игі істердің бастамасына жастар болып ұйтқы бола білейік,достар. Өздеріңізді асыл армандар мен асқақ мұраттарға жетелеп,өмірдің жарқын болашағына нық сеніммен қадам жасауда салауатты өмір салтын ұстануға үндеймін.
Достарыма арнау
Өлең-жырға жасымнан қанығып ем,
Поэзия, дертімді сау қылып ең.
Есірткі мен нашақорлық хақында,
Ашайын мәселенің ашығын мен.
Қолданып есірткіні есірінген,
Жан түршігер оқиға естідім мен.
Жастарыңды аздырар соның бәрі,
Улы да зиян шөптің кесірінен.
Жанымды күрделі ой мазалайды,
Тұла бойды билейді аза-қайғы.
Жүргендерді есірткі бизнесінде,
Кімдердің әлі жетіп, мазалайды?!
Адал жанға арам ісің жақпас та,
Уытқұмар әсте азып-тозбас па?
Қауіпті осы, есірткі бизнесінің,
Тамырына неге балта шаппасқа?!
Жастарына тура жол, бағыт берер,
Аға қайда, жарасын таңып берер?
Қолға алмасақ бәріміз бұл індеттен,
Айығу одан әрмен қауіп-қатер.
Болашаққа пәк жолмен бара аларсың,
Ішпейікші дұшпанның арам асын.
Жүректі жарып шыққан ащы шындық,
Ағайын,ақыл-оймен сараларсың!
Әдемі НҰРҚАСЫМ,
№ 274 орта мектебінің 9 «Г» сынып оқушысы
Нашақордың монологы
Әй, Есірткі, айтшы қане, азаптайсың несіне,
Сен емес пе ең талайларды кезіктірген кесірге?
Тепсе дағы темір үзер,арқа сүйер ерлерді,
Уысыңа түсіріп ап, адастырдың есінен.
Неге сонша қатігез ең, құрып кеткір,жалмауыз,
Ай, замандас,қақпанына сіз де түсіп қалмаңыз.
Құрдасым-ау,қызық көріп,құрығына ілініп,
Бір дозасын аузыңызға апармаңыз,алмаңыз.
Алдап-арбап қинайсың-ау пенделерді әуелі,
Етіп жүрсің еш қаймықпай көп жандарды тәуелді.
Күлкісінен айырасың,содан кейін, сұмырай,
Жоясың ғой мына әлемнің ең керемет әуенін.
Екі көзді соқыр етіп,екі құлақ керең боп,
Екі көзі көгереді жан-жағына елеңдеп.
Тірі өлік қып шығарасың,ессіз,ойсыз,сорлы ғып,
Әй,Есірткі,сосын барып қол сілтейсің,
Көп ұзамай өлер деп.
Бір ғұмырды бір-ақ сәтте өзгертесің ұрысқа,
Осы ісің өз ойыңша қате ме әлде дұрыс па?
Жақынынан айырасың,содан кейін өмірден,
Бір адамның жан әлемін айналдырып ұрысқа.
Ал мені ше,мен бейбақты азаптадың қорладың,
Бір-ақ сәтте жоқ қылдың ғой бақытымның жолдарын.
Сорлы басым қалай ғана алданып ем өзіңе,
Зұлым қөзім шолып отыр абақтының торларын.
Міне,қазір темір тордың ар жағында жатырмын,
1 күн емес 5 жыл таңды осы жерде атырдым.
Салқын екен,тоңып барам,жаурап барам,әттең-ай,
Есірткінің әсерінен өлімге де сатылдым.
Аяғымнан өткен ызғар өн бойымды жауратып,
Мына өмірден түңілумен,түңілумен барамын.
Неге мұнша сорлы болдым есірткіден, жүрегім,
Жоғалды ғой жақсыларды көруден де жанарым.
Сен кінәлі,сен кінәлі,осы халге жеткізген,
Адамдықтан бір-ақ күнде арсыз айуан еткізген.
Есірткіні қабылдап ап,көше кезіп ессіз боп,
Жүргенімде талайларға өлгенімше тепкізген.
Менде арман,менде мақсат жоқ емес-ті бірақта,
Қандай қиын туғаныңнан алыс жүру жырақта.
Ақ жаулықты анамнан да бездірдің ғой , сұмырай,
Әкемнің де ақылдарын ілмедім ғой құлаққа.
Мұным қалай, осыншама болғаным ба бейшара?
Өткен іске өкінгенмен не өзгерер,не шара?
Ата-анамның тәрбиесін аттап өттім,есалаң,
Ақылсызбын,ақымақпын,адам емес бейшара!
Студент ем бір күндері,бақытты ем жалғанда,
Жас балаша қуанып ем дипломымды алғанда.
Жұмыс істеп,отбасымды асыраймын дейтінмін,
Ата-анам,ауылыма сәлем бере барғанда.
Бар тәттісін даярлайтын қайтарымда жолымда,
Айналып ем ата-анамның арқа сүйер ұлына.
Ал сен болсаң мазақ қылып жүріпсің ғой аяусыз,
Айналдырып жібердің ғой астыңдағы құлыңа.
Екі қолым жүруші еді үлкендерге қол беріп,
Бұзылған зат қолдарымнан кетуші еді өңделіп.
Ал дәл қазір қараймын да,жылап алам еріксіз,
Есірткінің екпесінен қалыпты-ау көгеріп.
Екі аяғым сау еді ғой,жүгіретін кезінде,
Ұшқан құстай жүйткуші еді безілдей...
Осы кезде аяғыма қараймын да,налимын,
Есірткінің әсерінен қалыпты ғой сезілмей.
Сұлуларға таңданумен қараушы еді көздерім,
Бойжеткенді баураушы еді тәтті-тәтті сөздерім.
Міне,бүгін айнаға да қараудан да қорқамын,
Мына көзім жамандықтан көрмей қалды өзгені.
Мен сорлының сүйген қызы болған еді, бірақ та,
Ол жаннан да,амал қанша,жүрмін қазір жырақта.
Еріндерін,кірпіктерін,сұлу жүзін аңсаймын,
«Қайдан келдің?» - десе дағы
Не деймін-ау сұраққа?!
Анашымның жылы үнін, ақ әлдиін сағындым,
Есірткінің азабына қалай ғана бағындым?
Алла берген бар жақсыдан,бар жақыннан,бақыттан,
Есірткінің әсерінен қымбатымнан қағындым.
Өшті бәрі,сөнді бәрі,ыстық-ыстық сезімім,
Бұл фәниден бүгін тағы,бүгін тағы безіндім.
Жалт-жұлт етіп,жас құлындай ойнақтаған жастығым,
Бір-ақ сәтте жоғалды ғой лапылдаған жас кезім.
Жоғал деймін мына әлемнен біржолата,жалмауыз,
Қандасым-ау,қызық көріп,аузыңызға алмаңыз.
Достарым-ау, мен істеген қылықтарды жасап ап,
Екі оттың ортасында абайсызда қалмаңыз!
Жоғал деймін, жоғал деймін, жалмауыз!
Айжан СЫЛАНОВА,
№ 274 орта мектептің 9 «А» сынып оқушысы