ПЕРЗЕНТІ ЕЛБАСЫНЫҢ ПЕЙІШ ҚАЛАМ
Ақтөре Ибрагимұлы 1993 жылы Сырдария ауданы Тереңөзек кентінде дүниеге келген. №35 мектеп-лицейдің түлегі. 2014 жылы жарыққа шыққан «Жүректен жүрекке...» кітабының авторы.
Әртүрлі жазба ақындар байқауларының жеңімпазы. Өлеңдері республикалық әдеби газеттер мен интернет-порталдарда жарияланған. 2011-2013 жылдары Шымкент қаласынан жарыққа шағатын республикалық «Қазақстан жолы» газетінде тілші, аға тілші, жауапты хатшы қызметтерін атқарған. Қазіргі таңда Қызылорда облыстық «Сыр медиа» ЖШС-не қарасты Сырдария аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің әдеби қызметкері.
ПЕРЗЕНТІ ЕЛБАСЫНЫҢ ПЕЙІШ ҚАЛАМ
Бар әлем таңдай қағып,
Келбетіңе,
Шуақ-нұр –
Шашырауда
Жер бетіне.
Салтанат,
Сауық-сайран,
Ғажайыптар,
Шалқып тұр –
Пәк тұрақта,
Тербетіле!
Тәңірім,
Таудай бақты ұсыныпты,
Астанам - арқа сүйер,
Күшім - мықты!
Жаны бар жан түгілі сымбатыңа,
Қарайды тебіреніп,
Мүсін тіпті.
Мақсаты,
Армандары,
Байлам мәні!
Ертеңгі тарих болар сайран бағы.
Тұлпарын тізгіндеген Кенесары,
Жарап тұр –
Жанға қуат сыйлауға әлі.
Кеш батса,
Көрік шамдар жағылады,
Қонақтар бас қалаға ағылады.
Қабанбай, Наурызбай мен Райымбегім,
Бәрі де Елордадан табылады.
Бәйтерек –
Зеңгір көктей асқарымсың,
Хан шатыр –
Мәңгі жарық аспанымсың.
Перзенті Елбасының пейіш қалам,
Ақ орда,
Асқақтығым,
Мақтанышым!
Есілім –
Толқынынан құт аққан жер,
Әз бабам,
Арғымақпен құс атқан бел.
Абылай суын ішкен біле-білсең,
Тарихтан сыр шертетін кітаптан көр.
Көрінген,
Көрші елдерге асқақ қала,
Астана - ару қала, әппақ қала.
Сарыарқа төсіндегі саф мекенім,
Барады,
Алты алашты
Бастап дара.
Жеңістер,
Жетістіктер дерегінде,
Тартатын тарихы бар тереңіне,
Қолда тұр –
Еркіндігім,
Азаттығым,
Бақыттың бұдан асқан керегі не?!
Бас қалам –
Нұрың мәңгі,
Сүйіп күннің,
Өзінің танытып тұр биіктігін.
Қарашы,
Жайқала өскен ну орманға,
Қазақты ұлық іске ұйытты мың.
Жүректен –
Ән төгіліп,
Жыр ағылғай.
Астана –
Жақсылықтың шырағындай.
Алаңы «Мәңгілік Ел» айрықша әсем,
Елімнің тәу ететін тұмарындай.
Астана –
Баққа оранған,
Құт мекенім,
Қорғаймын қатерінен жат-бөтеннің.
Көркіңе көзім түссе киелі ордам,
Сезінем туған елдің тәтті екенін.
Тау қандай,
Кемерінен асып тұрған,
Сымбаты сұлу қыздай ғашық қылған.
Астана –
Бақыт сыйлап бәрімізге,
Қазақтың маңдайына нәсіп болған.
КӨШЕ ТУРАЛЫ КӨМЕСКІ ОЙ
Текті жырмен ту еткен ұлылықты,
Ақындардың армансыз күні күпті.
...Тек өзіңе белгілі әлемі бар,
Тірісінде ақынды кім ұғыпты?!
Өгейсітіп өмірдің өсегі кір,
Жүрген жиі жатсынып көшені бұл.
Өлген күні ақынды қадір тұтқан,
Жазылар ма тағдырдың кеселі бір?...
Тірісінде тап болып таршылыққа.
Жамау болған жабырқау бар сыныққа.
...Ақындардың атында көше де көп,
Тірісінде бермей ме, арсынып па?
Көмілумен көңілсіз шерге шемен,
Ақын өлер, алайда өлмес өлең!
Мен де жүрдім арқалап батпан мұңды,
«Мұқанның» атындағы бір көшемен.
Ақынымның әз рухы ашынып кіл,
«Мақатаев көшесі» жазылып тұр.
Қарадым да мұңлы бір ойға баттым,
Тірісінде бермей ме, асырып нұр.
Жырларымен жасын боп, жалын атып,
Ұзақ жүрді Ол үмітке үкі тағып.
...Көшесі тұр енді оның көзіндей боп,
Сезбейтіні өлінін мұны да анық...
Мен де ақырын бір күні көшемін бе,
Керегі жоқ ауылдың, көшеңнің де.
Тарпаң басып тағдырдың торабымен,
Жүрсем болды ақындар есебінде.
Мен өлген соң тұтанып кешегі үміт,
«Есімімді» қоймаңдар көшегі іліп!
...атақ-даңқтың маған еш керегі жоқ,
Жетсем болды «ар жаққа» есен жүріп...
Мен де өлем-ау, өлуім ғажап та емес,
Періште жан мекенің тозақ демес.
Ақындардың бір күні – ғасыр сынды,
Сезіледі бірақ ол қазақта кеш...
Тамыздың жетінші жұлдызы Мен үшін Тәңірдің тартуы, өмірдің ең бақытты күні. Алғашқы махаббатымның ана атанған күнінде Шымкент қаласындағы перзентхананың алдында жазған өлеңім еді бұл. Кейіннен еш өңдегенім жоқ. Шынайы шаттықтан жазылған жырды айна қатесіз жариялауды жөн көрдім.
МЕН БҮГІН ӘКЕМІН,
СЕН БҮГІН АНАСЫҢ!О, Тәңір бер маған сәл тыным,
Онсызда сыныңа тәнтімін.
Досым аз жанымда жарты мұң,
Өтуде зымырап әр күнім.
Тамыздың жетісі –
Мен бүгін әкемін,
Сен, бүгін анасың, алтыным!
Хор қызы мекені пейіштен,
Келбеті көркіне келіскен.
Сыңарым, серігім, сырласым
Өмірдің бал-уын тең ішкен.
Тамыздың жетісі –
Мен бүгін әкемін,
Сен, бүгін анасың, періштем!
Біреуден – төмендеу, біреуден биікпін,
Өмірді өлең деп түйіппін.
Өлеңді мәңгілік сүйіппін,
Тәңірден бүгін мен сый ұқтым.
Тамыздың жетісі –
Мен бүгін әкемін,
Сен, бүгін анасың, сүйіктім!
Жақтасым жаныма панасың,
Серігім тек өзің ғанасың.
Бір кешіп келеміз екеуміз,
Жалғанның ақ пенен наласын.
Тамыздың жетісі –
Мен бүгін әкемін,
Сен, бүгін анасың, анасың!
Күшімнің білетін шамасын,
Дарасың, данасың.
Сен солай жанымда мәңгілік,
Қаласың, қаласың!
Тамыздың жетісі –
Мен бүгін әкемін,
Сен, бүгін анасың, анасың!
СОДАН КЕЙІН ЖАНЫМДЫ АЛСАҢ КЕЛІСЕМ
...Менсіз сенің өтеді апта, күнің де,
Уақыт деген емші екені анық ақ.
Сені ойлайтын мұң жамылған түнімде,
Жасым сүрткем төсегімде жатып ап.
Менсіз сенің өтеді айың, жылың да,
...Сағынтарсың, алшақ кетіп тым жырақ.
Сырымды айтып, шарап пенен шылымға,
Отырамын жалғыз өзім тұнжырап...
Менсіз сенің өтер көктем, күзің де,
Жыл құстары келер-кетер алмасып.
Жабырқаған жарқыным-ау жүзіңде,
Сағынышың тұрар сенің жырға асық.
Менсіз сенің өтер зулап уақытың,
Ұстатпайды амалым не ол маған.
Қонбай кеткен маңдайыма бақытым,
Сендей ешкім өмірімде болмаған.
УАҚЫТ – ЕМШІ ДЕГЕННІҢ БӘРІ ӨТІРІК
Өтінемін, өкінемін, ішімнен,
Байқайсың ба албырт мінез, ісімнен,
Мен ертерек ұйықтаймын, кеш батса,
Көргім келіп сені ертерек түсімнен...
Құлаш сермеп, сағыныштың көгіне,
Түсімде де жыр оқимын егіле.
Бірақ, бірақ мен ертерек оянам,
Көру үшін сені ертерек өңімде...
Көктем келсе, жазды күтем жайдары,
Ал қыс келсе, күзді аңсаймын қайғы әні.
Мен әйтеуір бірдеңеге асығам,
Ішімдегі бітпей сезім майданы.
Көңілімді билеген перісің бе,
Аңыз да жүр біз жайлы ел ішінде.
«Уақыт – емші» дегеннің бәрі өтірік,
Келе алмады қос жүрек келісімге.
Сені ойлаумен өтіп жатыр әр аптам,
Әр аптамды Тәңір өзі жаратқан.
Түсінбессің мені ешқашан, сен бәлкім,
Іздемеймін шабыт енді шараптан.
БАЙЛАП ҚОЙ, ЖАНЫМ ИТІҢДІ
Кездескім келіп тағы да,
Көңілге бүгін күй тұнды.
Барғанда саған сағына,
Байлап қой, жаным, итіңді.
Өзіңе мені еліткен,
Тасиды сезім бұлағы.
Мен келген кезде неліктен,
Абалап итің тұрады.
Ұятты тастап ескілік,
Сертіңнен берген таймашы.
Мен келер күні кешкілік,
Итіңді жаным, байлашы.
Жүректе тулап асқақ ән,
Көңілім сенен жылынар.
Шалбарды жыртып тастаған,
Итіңнің маған жыны бар.
Шырқымды бұзған керемет,
Итіңнің жыны керек ет.
Жарақат алсам итіңнен,
Өзгелер сонда не демек?
Не айтқым келді мұнымен,
Сезім мен сенім құны тең.
Есікке жәйлап үңілем,
Сүйетін болсаң шынымен.
Итіңді, жаным, байлап қой.
Итіңді, жаным, байлап қой.
Ақынды арман еткен сылқым әйел туылған күніне шақырды. Барғаным жоқ. Бәлки, барғым келмеді. Өйткені, ол ғұмыр керуенімдегі есте қаларлық бір күннің басты кейіпкері еді...
СЕНІҢ ТУҒАН КҮНІҢДЕ...
...Оздырып тынымсыз түніңді,
Сен бүгін тойлайсың туылған күніңді.
Жаныңда жан құрбын, жігітің бұрынғы.
Сезімнің шаттығын, пәктігін тілек қып,
...Оятып алады мұңыңды...
...Әр сәті түсіріп мені еске,
Думаның айналар кеңеске.
Баяғы бақтардың,
ақ таңның,
тәтті әннің,
Қалқам-ау бәрі есте...
Болмаймын жаныңда бірақ та,
Тағдырдан сен оны сұратпа.
Бақытыңды тілеймін жырақта.
Өтінем, сенім мен сертіңді
жылатпа, құлатпа!
Әлбетте, қонақтар сыйлығын ұсынып,
Ерекше етеді
бұл күнді құлшынып.
Сен болсаң сезімге тұншығып.
Жүрегің менімен бір соғып,
Мені іздеп жатасың қырсығып.
Күдікпен өріліп арбау үн,
Біз жүрген жолдарда қалды-ау мұң.
Сол күні өзге ақын шабытпен,
Өзіңді Муза қып,
Оқиды арнауын.
Көңіліңді көтеріп кіді күн.
Жойылар жабырқау күдігің.
Мен жазған әуенге тербеліп,
Вальске шақырар жігітің.
Келмейді билегің құба түн,
Шақырар ол қайта қол созып.
Өлеңнің авторы – ол ақын,
Сені ойлап, барларда жүр қызып.
Ол ақын – теңеуі ғарышта,
...намысы ұқсаған барысқа.
Ұзаған өлең деп алысқа.
Жүрегі соғады бір сен деп,
Түсіңде кездессе табыспа,
Өтінем, сен қайта таныспа...
Осылай әз күнің өтеді,
Тағы бір көктемің, өткелін.
...Қонақтар тізіліп кетеді,
Мәңгілік деп пе едің?..
Қаласың тағы да бір өзің,
Мұң төгіп маңайға.
Есіңе түсемін қалайда.
Жылама жарқыным жарай ма?!
Сонан соң шырқайсың қайғы әнін.
...Шағасың Айға мұң...
Мәні жоқ махаббат майданым!
АЙНА АЛДЫНДАҒЫ ӘЙЕЛ
…Ағарып шашы самайындағы,
Уақыты өтті, түнерді.
Мұңды тұмарың маңдайындағы,
Лақтырды дағы жіберді.
Күнәлі іске ой неге жерік?
Жанардан ыстық жас тамды.
Айнада тұрған бейнеге келіп,
Өткенге көзің тастады.
Өкініш торлап күйінді іштей,
Есіңде ессіз түндері.
Сезімі кетті түйінді шешпей,
Шаттықтың солып гүлдері.
Шындық сұрады,
Уақыт төреден,
Елес пе әлде...өтірік.
Құйылмас енді жақұт төбеден,
Жыласа дағы өкіріп.
Алтын уақыты кері шегермей,
Өксітті білем от күні.
Ызасы кернеп бойың түгелдей,
Тұтанды ашу шоқтығы.
Сағым боп кетті күні баянды,
Кімге айтар шерлі күнәсін.
Ал жігіт сонда шошып оянды,
Сезінген сынды кінәсін.
Жауапсыз сұрақ,
Қайғы-мұң құрап.
Осылай күні өтер ме;
Көктемге қарап,
Егіліп жылап.
Аспанға ұшып кетер ме?
...Құлатып тастап сезімнің туын,
Таңдары нұрсыз, Ақшам тұл,
Періште тасып әр тамшы суын,
Дала да жауды ақ жаңбыр...
МЕН ӨЛЕҢ ОҚЫҒАНДА...
Мен өлең оқығанда,
Күллі әлем қалады нұрға тұнып,
Әсем гүлдер төбеде ырғатылып.
Саңырау жан қарайды көзің салып,
...жырға тұнық...
Мен өлең оқығанда,
Қыз-бозбала сүйсініп, сезімменен,
Тыңдайды ақын түнімен көз ілмеген.
Жесір әйел бақытқа таяп қалып,
Арпалысар ақылмен, төзімменен.
...тәтті ғой сезім деген.
Мен өлең оқығанда,
Оралып ойға бәрі өткен күннің,
Аңсап жатар кіді күз көктемді мың.
Сорлы жүрек соғады бүлк-бүлк етіп,
Белгісінде баяғы өкпелі үннің.
Мен өлең оқығанда,
Тыңдарманым тастай бір тына қалып,
Асып-тасыр сезімнің бұлағы анық.
Өжет жігіт өлеңмен намыс қайрап,
...тұрады құлап алып.
Мен өлең оқығанда,
Жанарлардан ып-ыстық жас тамады,
Сылқымдардың бұзылып қас-қабағы.
Жетімек қыз жанына жылу тауып,
Орындалар ақ арман асқаралы.
Мен өлең оқығанда,
Тағдырының сезілмей суықтығы,
Адал жанның айшықты туып күні.
Серпіліспен ертеңгі атар таңға,
Күш алуы жырымнан жуық тіпті.
Мен өлең оқығанда,
Қалам алып қолына сұрапылдар,
Тыңдайды өлең мәнін ұғатындар.
Дейді бәрі, мойындап әз өнерді,
«Қасымнан кейін туған бір ақын бар»
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ
Комментарии 4