ҚАЗАҚСТАН ТӘУЕЛСІЗДІГІ ЖӘНЕ ЕЛБАСЫ
Біз бақытты ұрпақпыз! Өйткені тәуелсіз елде туылдық. Тәуелсіздіктің оңай келмегенін білеміз. Оған жету үшін қаншама халық қырылды. Талай қилы заманды бастан өткеріп, қаншама асуды бағындырдық. Жауларымыз ынтымағымызға іріткі салып, халқымыз бодандыққа ұшырады. Бірте-бірте ашаршылық болып, тіпті зиялы жазықсыз қауым жазаға тартылып жатты. Кеңес үкіметінің қолдан жасалған ашаршылық жылдары 125 мың Қазақ зиялыларының қырылғандығы жаныма батады. Олардың үміттері арман-мақсаттары дәл қазіргідей тәуелсіз ел болу еді. Сталиннің солақай саясаты халықтың басын көтертпеді. Халық ашаршылықтың, зорлық-зомбылықтың құрбаны болды. Ұлт өкілдері халық жауы атанып, қудаланып, жер аударылды. Сол жылдары білім мен дамудан, дінімізден айырылдық. Бірақ, қазақ халқы барлық қиындыққа қарсы тұрып, жеңе білді. Әлем тарихында қанмен жазылып, термен терілген, Ұлы Отан соғысының қасіреті де аз болған жоқ. Сұм соғыс, бірін анадан, бірін баладан, бірін әкеден, бауырдан, асыл жардан айырды. 1941-1945 жылдар халық үшін ең ауыр жылдар еді. Біз соғысты көрген жоқпыз, оның қасіреті жайлы тарих беттерінен оқып білеміз. Сол майдан даласында қаншама боздақтарымыз қалып қойды. Батырларымыздың алдында басымызды иіп, тағзым етеміз!
Ал, кешегі Желтоқсанның екпінімен келген Тәуелсіздігіміздің орны бөлек. Қаншама жасты қиған желтоқсан естен кетпес... халқымыз қасық қанын төгіп, бозторғай жанын құрбан етті. Қанжығаға байлаған қыздарымыз, желкесі шайналған жігіттеріміз, сол бір күндердің шылауында кете барды.
Тәуелсіз Ел болу үшін 25 жыл бұрын 16 желтоқсанда өз егемендігін аңсап, аға-әкелеріміз үлкен майданға түскенін ешқашан ұмытпаймыз!
Қазақстан Республикасы таңдау жасап, өзінің мемлекеттік тәуелсіздігін жариялады. Міне, енді бүкіл әлем таныған, төрткүл дүние төрінен, ойып тұрып орын алған мемлекет болдық. Тұрақты саясат пен ішкі ауызбірліктің арқасында елдің қарқынды дамуы бір қалыпты келеді. Ынтымақты ұран, татулықты ту етіп, халқымыз аман, еліміз тыныш өмір сүрудеміз. Бүгінгі күні егеменді елміз, өз шекарамыз, рәмізіміз, тұтастығымыздың кепілі – Ата заңымыз бар. Қаншама жетістіктерге қол жеткізіп келеміз. Қазақ елінің бүгінгі бас қаласы – Астана өз атын жас тәуелсіз мемлекетіміздің шежіресіе алтын әріптермен жазып үлгерді. Астананың ажарына сән беріп, ажар қосатын қаншама маңызды нысандар бой көтеріп келеді. «Астана – Елбасының ерлігі» деп бекер айтпаса керек.
Достық пейіл – татулықтың тірегі,
Біздің халық бейбіт өмір сүреді.
Бар әлемді бір өзіне қаратқан,
Елордамыз – Еуразия жүрегі, - деп ақындар жырлағандай,
Отанымыздың жүрегі, ел тәуелсіздігінің тірегі, жеріміздің кіндігі, еліміздің түндігі, халқымыздың бірлігі болып саналады. Астананың келбеті – қазағымның келбеті деп білемін.
Елбасы Н.Назарбаевтың ерен еңбегінің арқасында қаншама жобалар іске асып келеді. Төрткүл дүниені өзімізге қаратып ЕҚЫҰ-ның тізгінін ұстап, ДСҰ-ға мүшелікке ендік. Енді міне, маңызды шаралардың бірі ЕХПО-2017 көрмесі Астананың төрінде өтуде. Бұл жас мемлекетіміздің дүниежүзіне танылуына мүмкіндік береді. Ондағы басты міндет – 30 елдің қатарына ену. Тарихта таңбаланып жазылған «Қасымханның қасқа жолы», «Есімханның ескі жолы», енді міне, «Нұрсұлтанның «Нұрлы Жолы» еліміз үшін, нұр болды. Әрине, әлі талай асулардан өтеміз.
Тәуелсіздігіміз «Қазақстан» деген елдің бар екенін, оның иесі «Қайсар қазақ» халқы екенін әлемге таныстырды, мойындатты. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаев қазақ халқы үшін туған дара тұлға! Қазақ елін әлемге танытып, мойындатып қана қойған жоқ, өзінің кемеңгер, елінің жанын ұғатын, қамқоршы, көреген басшы екенін көрсетті. Мен Тәуелсіз елдің ұланымын! Өз елімді мақтан етемін! Бір күш алға жетелейді. Ол – елімнің, жерімнің, қазағымның биік мәртебесі, тарихы, бүгінгі ауызбірлігі, жеткен жетістіктері!
Бабаларымыздың қанымен, аналарымыздың көз жасымен келген тәуелсіздігіміздің қадірін білейік! Көгімізде желбіреген көк байрағымыз, кеудемізге қуат беріп, жарқырап, еліміз жайнай берсін! Тәуелсіз еліміздің таңы арайлы, елімізде бейбітшілік, елдігіміз еңселі болсын! Көк байрағымыз көк төбеде желбіресін! Тәуелсіздігіміз құтты болсын!
№267 орта мектеп оқушысы,
Қызылорда қаласы