ЖАРЫСТАР ЖИІ ӨТКІЗІЛСЕ, ЖАСТАРДЫҢ ТОҒЫЗҚҰМАЛАҚҚА ҚЫЗҒУШЫЛЫҒЫ ОЯНАДЫ
Әбу Төремаханов,
тоғызқұмалақ үйірмесінің жаттықтырушысы,
Қармақшы ауданы
тоғызқұмалақ үйірмесінің жаттықтырушысы,
Қармақшы ауданы
Қармақшыдағы №15 аудандық олимпиадалық резервтің мамандандырылған мектебіндегі тоғызқұмалақ үйірмесінің жаттықтырушысы Әбу Төремаханов ұлттық ойынды дәріптеп жүр. Алғаш боп тоғызқұмалақты жастарға үйретуге бет бұрды. Тоғызқұмалақтың тарихы, ойын әдістері туралы кітаптар іздестіріп, ойға алған ойын туралы нәтиже шығармақ үшін тоғызқұмалақтан ардагерлер арасында Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, жаттықтырушы Қырмызы Секинадан сабақ алды. Осылайша аз уақыт ішінде ізденісінің арқасында ұлттық ойынды ұмыт қалдырмауға тырысқан талабымен ойынның қыр- сырын тез меңгеріп алды.
- Ұлттық ойынды жаңғырту мақсатында көптеген жұмыс қолға алынып келеді. Оның ішінде ауданымыздың өзінде тоғызқұмалақ, дойбы, шахмат ойындарынан жастар мен ересектер арасында жарыстар жиі өткізіліп жүр. Жалпы, ойынның ережесі мен ерекшелігін айтсаңыз...
- Тоғызқұмалақты «Қойшылар алгебрасы» деп те атайды. Себебі оны алғашында өрісте қойларын жусатып жіберген қойшылар ойнайтын болған. Жерден ұя-шұңқырлар қазылып, құмалақпен ойналған бұл ойын қазір он сегіз отаудан және екі қазаннан тұратын арнайы тақтада жүз алпыс екі таспен ойналады.
Тоғызқұмалақ ойыны – тақ сандар мен жұп сандардың өзара тартысы. Бастапқыда әр отауда тоғызқұмалақтан орналасады. Ойынды солдан оңға қарай кез келген отаудан бастап жүруге болады. Ол үшін жүріс жасалатын отаудан орнына бір құмалақ қана қалдырып, қалған сегіз құмалақты түгелімен аласыз да келесі отаудан бастап әрбір отауға қолдағы құмалақ біткенше бір-бірден салып шығасыз. Ойыншылардың мақсаты – неғұрлым көп құмалақ алу. Сондықтан ойын үстінде әрбір ойыншы өз отауларындағы құмалақтарды ша¬масы келгенше жұп ұстауға, қарсы жақтың отауларын тақ жасап отыруға тырысады. Тақ санды отауларға үздіксіз шабуыл жасалады. Қазандарға ойыншылардың ұтыстары жазылады.
Тоғызқұмалақ ойыншының жылдам ойлауына, есептеудің түрлі тәсілдерін меңгеруіне ықпал етеді және бабаларымыздың осал адамдар болмағанына көз жеткізеді.
Ойын негізінен екі ойыншының арасында өтеді. «Тоғызқұмалақ тақтасы» деп аталатын арнаулы тақтада ойналады. Ойын мақсаты – ойыншы өз қазанына кемінде 82 құмалақ жинап жеңіске жету.
-Үйірмеге үзбей қатысып, жетістікке жеткен шәкірттеріңіз бар ма? Жастардың ойынға қызығушылығы қандай?
- Үнемі сабақ алып, республикалық турнирлерде топ жарған шәкірттерім бар. Әйгерім Қалжанқызы, Наурызбай Жұмағұлов, Қырмызы Өмірзақова, Ердос Асқаров, Сая Жұмағұлова, Наурыз Жұмағұлов, Гүлжан Орынбаева, Мажырасын Шаһзадаева, Айдос Жанәлиев, Досбол Айтілесов, Мәлік Әлжанов, Бекмұрат Әлімхановтар спорт мектептері арасында өткізілген сайыстардан жоғары көрсеткіш көрсетіп келеді. Ойын туралы ақпарат, жарнама жақсы айтылса, бұл ойыннан жарыстар жиі өткізілсе, әрине әрбір жастың қызғушылығы оянады.
- Қазір сізден басқа тоғызқұмалақ үйірмесінен дәріс беретін ауданда қанша жаттықтырушы бар?
- Гүлнар Серікбаева екеуміз 60-қа жуық шәкірт тәрбиелеудеміз. Біздің үйірмеге қатысқан жастардың алды мектептерде математика пәнінен дәріс беріп жүрсе, көбі – медициналық академиялардың студенттері. Яғни ойлау қабілеті ұшқыр, зерек жастар ғана біздің ойынды тез меңгеріп алып, одан міндетті түрде нәтиже шығарады.
- Отбасыңызда спортқа жақын жандар бар ма? «Өнер қаннан дариды» дегенге келісесіз бе?
- Бізді спортшылар отбасы деуге толық негіз бар. Әжем Жұмагүл Тоғымова ардагерлер арасында суға жүзудің жеңімпазы болса, әкеміз Әлжан Әлімханұлы есімі республикаға белгілі спорт шебері. Жастайымыздан әке жолын жалғап, отбасымызбен осы саланы дамытуға үлес қосып келеміз. Жолдасым Рада Жақанова оқушылар үйінің жанынан ашылған «Тоғызқұмалақ» үйірмесінде сабақ беруде. №183 мектептің 9-сыныбында оқитын үлкен ұлым Мәліктің болашағынан көп үміт күтеміз. Себебі қазір тоғызқұмалақтан облыстық сайыстарға жиі қатысып, жүлделі орындар алып жүр.
- Әңгімеңізге рахмет!
Гүлжанат ӘМІРҚЫЗЫ