ХАЛЫҚТЫҢ АЛДЫНДА АЯҒЫМЫЗ ЖЕРГЕ ТИМЕЙ ЖҮРГЕНІМІЗДІҢ ӨЗІ КӨЛІКТЕН ДЕ ҚЫМБАТ
Мұхтар Ниязов - 1985 жылы Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы, Ақарық ауылында дүниеге келген. "Ақ сөйле” қоғамдық қорының төрағасы. Айтыскер ақын. 2012 жылы «Алтын домбыра» иегері.
- Халық қолдаған қайсар ақынсыз, осы ақындық өнерге қалай келдіңіз?
- Ақындық өнерге ауылда жүргенде мектеп қабырғасынан бастадық қой. Алдымен сол мүшайраға, шығарма жазу сияқты сайыстарға қатысып жүрдім. Жазба ақын боп жүріп, айтысқа оқушы кезімде келдім. Сонан соң 10 сынып оқып жүрген кезде аудандық айтысқа қатысып, бірінші орын алғаным бар. Онан соң Шиелі ауданына барып қатыстым. Сонан кейін жазу қиын боп кетіп, мен ауызша айтысқа бет бұрдым.
- Сахнада бірде жеңдіңіз, бірде жеңілдіңіз. Сіздің ішкі ойыңызша, айтыста кімнен оңбай ұтылдыңыз?
- Бекжан Әшірбековтың өлеңі бар осы жерде айта кетейін. «Аллаға мың бір шүкір өлең берген. Өлеңім сиятындай көлем берген. Әзірге бұл айтыста ешкім де жоқ, жеңіліп қалғандығын менен көрген. Қарсыластан жеңілген ештеңе емес, жеңіліп қалған жаман көрерменнен», -деген екен. Қарсыластан оңбай ұтылдым дегенім есімде жоқ, әрине. Қазіргі уақытта ортақ мәселе – қарсыласты мойындамау ғой. Оңбай ұтылдым деген кезім есімде жоқ. Ұтылған шығармын, жіберген қателіктерімді де білемін. Бірақ мейлінше сахнаға шыққанда жеңілем деп шықпайсың ғой. Айтыс деген өнерде бірде жеңесің, бірде жеңілесің. Тұрақты бір жеңімпаз айтыста жоқ екенін айта кету керек. Бекарыс Шойбековтан ойымнан шатасып, жеңілгенім есімде. Айтысқа да ақындар әр түрлі көңіл-күймен келеді. Сондықтан жеңіс бар жерде жеңіліс те бар. Бірақ ойсырата жеңіп отыратын айтыскерлер де жоқ емес.
– Өз көңіліңізден шыққан айтысыңыз қандай?
- Өзімнің көңілімнен шыққан айтысымды өзім айтпай-ақ қояйын. Әлбетте бүкіл айтыс адамның көңілінен шығуы және бүкіл айтыс көңілінен шықпауы тағы мүмкін емес. Сондықтан айтыста өзімнің көңілім тоқ айтыстар бар. Ал менің көңілім тоқ айтыстар елге ұнамауы мүмкін. Сол себепті де халық төреші, бірінші ел бағасын берсін. Сонда да болсын бірлі-екілі айтыстарымды айтатын болсам, өткен жылы қараша айында Талдықорған облысында Сұранша Саурық батырлардың еске алуға байланысты үлкен ас берілген болатын. Сол жерде халықаралық айтыстағы финалда мен Сара Тоқтамысовамен айтысымды көңілімнен шыққан айтысым деп айтар едім.
- Суырып салмалығымен жұртты елең еткізген, күні ертең Жүрсіннің жүйріктеріне қосылуға лайықты ақын деп кімдерді ерекшелеп айтар едің? Ал өзің кімнің шәкіртісің?
- Қызылордада Жүрсіннің жүйріктеріне қосылатын қызылордалық ақындар өте көп деп айтуға болады. Шиелілік Ержан Әміров, Сырым Әлібеков, Серікхан Жүзеев деген өзімнің шәкірттерім бар. Бұлардың қай-қайсысы да өзінің сәтін күтіп жүрген ақындар. Әйтпесе кез келген уақытта қосылып кетуге шамалары бар. Мен де біреудің тұрақты шәкіртімін деп айта алмаймын, кімнің жақсы қасиеті бар, соның шәкірті болып жүремін. Негізгі ұстаздарым сол ауылдан басталады. Қазақ тілі және әдебиет сабағынан берген Малика деген апайым біздің іргетасымызды қалаған. Жалағаш ауданында Қаншагүл Мұстафаева апайымыз, Тұрақ Ахетов ағайларымыз болды. Жақсыбек Сарыбалаев, Мәлік Аяпов деген кісілердің ерекше қамқорлығын көрдік. Облысқа келгенде де мені ең бірінші айтысқа тәрбиелеген Айбек Тәңірбергенов, Серік Ыдырысов, өлеңнің техникасына көп мән бергізген Дүйсенбек Аяшұлы сияқты ағаларымды ерекше айта аламын. Оның бергі жағында республикаға шыққаннан кейін де Бекарыс Шойбеков те біраз шәкірт қып баулыды.
- Мемлекеттің айтысқа деген бетбұрысы байқалып отыр ғой. Айтыс өнерінің даму деңгейі қандай? Қандай баға берер едіңіз?
- Мемлекет пен айтыс адамның денесінде тамыр мен қан сияқты ғой. Адамның тамырының бойында қанды жүргізгені сияқты, айтыс болсын ұлттық өнерлердің барлығы мемлекетке қызмет жасау керек. Өйткені сол мемлекеттен нан жеп, сол мемлекеттің біртұтастығына қызмет жасау керек. Айтысты демократиялық өнер деп айтады. Әлбетте солай болу керек, бірақ біз қазір жан-жақты өлшеуіміз керек. Айтыскер ақын деген қолына домбырасын ұстаған немесе аз ғана топтың көңілінен шығу үшін клоундық өнердегі тұлға емес, ол синкретті өнер. Айтыскер ол жан-жақты болу керек. Ол әлемдік саясатты да, экономикалық жағдайларды да, тарихи сананы да біліп, барлығы қалыптасқан, аузынан шыққан сөзіне жауап бере алатын тұлға. Мемлекет ешқашан айтысты сыртқа тепкен емес. Сондықтан мемлекеттің берген мүмкіншілігін пайдаланып, тек айтыс қана емес бүкіл ұлттық өнерді дамытып алуға жағдай туып тұр. Құдайға шүкір, қазақ мемлекетінің осындай бір дәуірлеген уақытында өмір сүріп жатқан айтысымыздың да, Алматы мен Алатау сияқты бір-біріне сән беріп тұру керек шығар деп ойлаймын.
- Айтыс өнері қай өңірлерде жақсы дамыған деп айтар едіңіз? Ал қай өңірлерде кенже қалған?
- Айтыс өнерінің жақсы дамыған жерлерін айтып өтетін болсам, ең бірінші қазір Тараз өңірінде осы Шорабек Айдаров, Серік Қалиевтардың шыққан кезінде туы тігілді. Одан кейін Семейде эстафета сияқты жалғасты деуге болады. Семейден топталып Сара Тоқтамысова, Айнұр Тұрсынбаевалар көрінді. Алматы, Жетісу өңірі де кенже қалған жоқ. Қарағанды өңірінен де қанша жас шықты. Қазіргі айтыста Олжас - қарағандылық айтыскер. Сонан соң қызылордалық айтыскерлер де бір дүмпу жасады деуге болады. Бүгінде қызылордалық айтыскерлер аламанның алдын бермей келе жатыр деуге болады. Еліміздің қай өңірін алып қарасаңыз да өнерден кенде емес. Алайда солтүстік жақта әлбетте орысшалау дамығандықтан болуы керек, айтыс өнері ақсап қалып жатыр. Атырау облысынан да соңғы уақыттарда ақын шықпай кетті. Ақтөбеден де бірлі-жарым ақындар бар, бірақ әлі де дұрыс көріне алмай жүр. Ақтаудан Нұрлан Мұсаевтан кейін ешкім әлі жарып додаға шыққан жоқ. Орал өңірінен де жалғыз Бауыржан Халиолланың шығып жүргеніне де қазір 15-20 жыл болып қалды. Шымкент өңірі қазақтың туын жықпай келе жатқан ел деп айтуға болады.
- Айтыс десе делебесі қозбайтын қазақ жоқ қой. Сол айтысты көретін көрермендер арасында «суырып салма ақын жоқ. Алдын ала келісіп айтысады» деген пікірлер басым. Сол жайында не айтасыз?
- Осы алдын ала келісіп айтысады деген пікірлерді түсінбеймін. Енді «тегін адам таз болмайды» деген сияқты ел басқардым деген басшылардың өзі көпшіліктің алдында айтатын бірауыз сөзін кейде өзіне сенбей бір парақ қағазға жазып алып жатады. Оның жанында сөзден сөз, ойдан ой тудыратын оны әнге, домбыраға салып, оны халықтың, қазылардың көңілінен шығатындай етіп айту қолынан келмейтін адамның пікірі деп ойлаймын. Әлбетте, «халық айтса қалып айтпайды» дейді. Айтыстың да ішінде әр түрлі деңгейдегі адамдары бар. Солардың кейбір шалыс қимылдарын көрген адамдардан шығып жатқан пікірлері болуы да мүмкін. Мен өз басым кез келген адаммен, кез келген уақытта келіспей-ақ, айтысуға дайынмын. Басқасына жауап бермей-ақ қояйын.
- Бүгінде айтыскер ақындарға қойылар міндетті сұрақтың бірі – «Айтыстан қандай жүлде ұттың?» деген сұрақ болды ғой. Осы сұрақты өзіңе де қойсақ... Айтыста жүріп 20 шақты көлік алғандар бар. Айтыста жүргелі бері сіз қанша көлікті тақымға бастыңыз?
- Ертеректе айтыстың деңгейі айтылған сөзімен, айтылған қоғамдық мәселесімен өлшенетін еді. Қазір жүлдесімен есептейтін болып жүр. Бұл жерде жүлдені кез келген адамға бере салмайтынын ескеретін болсақ, халық бар, қазылар алқасы бар, ақынның сөзі бар, сондықтан елдің сөзін сөйлейтіндердің алды 30-40 жүлдені мініп жатса, оның бәрі әр жылда ұтқан жүлдесі деп есептеу керек. Себебі ол 20 көлік мінсе, оны жиырма жылда мінуі мүмкін. Енді халық ешқашан жанының рахатына дүниенің тарлығын жасамаған. Өзінің соншалықты айтыс пен мүшайраны немесе басқа да өнерді қатар қойса, Ласкала сияқты үлкен әлемдегі ең ұзақ көретін театрлардың өзінде үш-төрт сағаттан кейін белі қисаятыны рас. Ал Еуропаның талғампаз көрермендерінің өзі осындай үлкен ғасырлардан келген тарихи өнерлерді төрт-бес сағаттан артық отырып тамашалай алмайды. Айтысқа келсек, мысал ретінде айтатын болсам, әлі есімде Жалаңтөс Бахадүр атындағы айтыста түстен кейін бес - алтыларда басталған айтысты көрермендер түнгі екіге дейін отырып тамашалаған болатын. Ертеңіне Мырзатай Жолдасбековтың ертерек кетуіне байланысты айтысты таңертең сегізге қойған-ды. Сонда түнде екіде кеткен халық таңертең сегіз болмай жатып, көрермендер орнынан табылып жатты. Сондықтан айтыс өнері өзектілігін жойған, дамыған заманда өзінің маңыздылығын тоқтатқан болса, халықтың мұншалықты махаббатына ие болмас еді. Ал сондай жерде отырған халық әлбетте, сусап көретін нәрсесіне демеушілердің мырзалығымен жүлдені иемденіп жатыр. Мен өз басым ақшалай болсын, тұлпарлай болсын, он-он бес көлікті міндім деп ойлаймын. Құдайға шүкір, пәтер алып жатырмыз. Халықтың ықыласы, дүниесі, байлығы көп шығар. Бірақ халықтың алдындағы аяғымыз жерге тимей, елдің иығында жүргеніміздің өзі мен үшін үлкен көліктен де қымбат.
- Өзге ақындар түрлі айтыстардағы өз өлеңдерін жинақтап, кітап қып шығарып жүр. Саналы сөз сүйетін салиқалы қауым сіздің де кітаптарыңызды асыға күтіп жүрген болар. Неліктен кітабыңызды шығармайсыз?
- Кітап шығару үлкен сын, үлкен жауапкершілігі ауыр деп ойлаймын. Өйткені оның өмірі сенен ұзақ. Егер кітаптың құндылығы жоғары болса, бес ғасырға дейін өмір сүруі мүмкін. Сондықтан оның ішіндегі сенің бет-бейнең, шығармаң өзіңе сай, заманыңның жүгін көтере алатындай дүниелер болу керек шығар. Қазір шығып жатқан кітаптар көп қой. Оның ішінде бір әулет туралы да кітаптар жарық көріп жатыр. Әрине ондай кітап өзінің көрермендерінің назарында ғана қалады. Ал мен алдағы уақытта жинақтап, сөлін сығып, Алла қаласа бір кітап шығару ойымда бар. Алдағы уақыт еншісінде нақты мысал ретінде бір жинақ шығаруды жоспарлап отырмын.
- Бүгін біздің ұлттық рухымыз, ұлттық санамыз қай деңгейде деп ойлайсыз?
- Қазақтың ұлттық деңгейін, ұлттық рухын саралайтын деңгей өзімде де жоқ болуы мүмкін. Осы уақытқа дейін тек таяқтың астында келген қазақпыз ғой. Сондықтан қазақтар өзінің сапасын жоғалтып, біраз арыстардан айрылдық.Тұтас халықтың атынан сөйлей алмаймын. Өз қатарластарыммен замандастарымның арасында айтатын болсам, қазір жастардың бойында үрлеп жандырған шоқ сияқты сөнуге айналған ұлттық рухымыз көтеріліп келе жатқанын байқауға болады.
- Жұртшылық сіздің өнеріңіз ғана емес жеке өміріңіз жайлы да хабардар болғысы келеді. Өз отбасыңыз туралы айтсаңыз.
- Жалағаш ауданы, Ақарық ауылында дүниеге келгенмін. Бүгінде әке-шешем ауылда тұрады. Келіншегім және үш ұлым бар.
- Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Шынар БЕКБАН