ҚАЗАЛЫДАН ШЫҚҚАН АЛАШОРДАШЫ
Қазалы ауданында Елбасының "Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру" бағдарламалық мақаласында алға қойылған мақсат-міндеттерді насихаттау барысында көптеген жұмыстар жасалынып жатыр. Аудан халқы да бұл бағыттағы жұмыстарды жүзеге асыруға үлес қосуда. Бүгінде өшкенімізді жаңғыртып, тарихи тұлғаларымызды дәріптеуге сүбелі үлесін қосып жүрген жандардың бірі – Ғалия Орынбасар. Ол кісімен жуырда "Арда" баспасынан жарық көрген "Қазалылық Алашордашылар" атты кітабы жайлы аз-кем сұхбаттасқан едік.
– Бұл туынды Алаш ардагерлері жайлы тосын жаңалықтың бірі болды. Деректерді қалай жинадыңыз?
– Қазалының киелі топырағына қаншама текті, қайталанбайтын тұлғалардың кіндік қаны тамған. Елінің ертеңі үшін алаң болған арда азаматтардан қан мен тер есепсіз төгілген. Мәселен, ХХ ғасырдың басында Қазақстанда Кеңес өкіметіне қарсы 372 көтеріліс болса, соның жетеуі Сыр бойында болған екен. Бұл кітапта Қызылорда облысы, Қазалы ауданындағы кеңестік саясатқа қарсы күрескен Алашорда мүшелері туралы сөз болады. Кітаптың жарық көруіне басты себепкер – қазалылық Алашордашы Пәуедин(Пакуадин) Сыдықов.
Пәуедин Сыдықов 1909 жылы Қазалы қаласында дүниеге келген, 1989 жылы кө жұмған. Ол 1929 жылы Асандар көтерілісінен кейін Қазалының түрмесінде жатып, өзінің ауылдасы Сұлтаниязов Жұмағұлға: "Менімен Мәскеуде бірге оқыған жолдастарым Қарақалпақстанда кеңес өкіметін құлатуға шақырып жатыр. мен ертең түрмеден қашып, сонда кетемін. Түрменің есігін гипноздың күшімен ашамын, оны Ленинградта үйрендім",–деген екен. Ал Қазалы халқы оның мұндай қырларын түсінбей, перінің оқуымен айналысқан деп келді. Оған түрткі болған Жұлдыз Әбділданың "Перілер құпиясы", Шәмшия Жұбатованың "Темір үйдің тұрғыны" атты кітаптарындағы "Пәуедин Сыдықов перінің оқуымен айналысқан" – деген идея болатын.
Қазалы ауданында Пәуедин атаның Пәкизада Сыдықова деген апасы бар. Жасы 90 ға таяп қалды. Мен сол кісіге қолқалап бара бердім."Апа, көпті көрген, көп оқыған адамның артында құнды деректер қалмауы мүмкін емес. Маған аманат қылып беріңізші",– дедім. Сонымен ол кісі әр барғанымда бір қолжазбадан, 26 данасын берді. Мен білім алған Алматыдағы педагогикалық универсетте оқып жүргенімді, төте жазуды үйренгенмін. Көне қолжазбаларды оқуыма сондағы білімім біраз көмектесті. Ақырында, бүкіл мәлеметтерді зерттеп қарағанымда ешқандай перілікті байқамадым. Бір ұққаным Пәуедин Сыдықов тарихшы екен.
– Кітабыңызда Пәуедин атаның бәрімізге белгілі Алашорда құрамында болғанын жазыпсыз. Осы жайында ашып айтсаңыз.
– Бұл кісіні зерттей бастағанымда түсіме кірді. Түсімде: "Ей, Матығұлдың қызы! Осы кезге дейін не себепті көрінбей жүргенімді сен білесің бе? Мен Кеңес өкіметіне қарсы болдым ғой. Өмір бойы Алашордаға адал болдым. Ал, өкіметке қарсы тұрған адамның қан қақсайтының білесің бе, сен?",–деген сөздері ешқашан есімнен кетпейді. Одан әрі: "Менің аяқ киімім жыртық қой",– деп аяқ киімін көрсеткенде, қарасам, аяқ-киімі қақырап кеткен екен. Бұнысы, ізінде ұрпағы жоқтығы деп жорыдым. Көрген қайғы-қасіреті мен жасаған жақсылықтарын жазуды маған тапсырғандай күйде болдым.
Пәуедин атаның Алашорда құрамында болғандығын дәлелдейтін қолжазбалар менде бар. Оларды аударып, зерттегенімде көтеріліс кезіндегі хандардан бастап, округтер, тіпті оған қатысатын шақырақ санына дейін жазылған екен. 1929 жыл Қазалы қаласында болған "Асандар көтерілісі" де сол тізімде бар. Жазбаға сенсек Қазалыда туған Атаман Дутов пен Ә.Бөкейханның арасында жасырын стратегиялық келісім болған. Осындай құнды мәліметтерді атамыз жұрт көзінен қашық ұстап, бүгінгі күнге бүкпесіз жеткізген.
– Елбасының "Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру" бағдарламалық мақаласында өткенімізді жаңғыртып, ұлыларымызды ұлықтауға баса назар аударған. Кітабыңызда келтірген құнды қолжазбаларыңыз туралы сөз қозғасақ.
– Біз кеше ғана Қазақ хандығының 550 жылдығын тойладық. Ал, біз кешегі Кеңес өкіметі тұсында хандық туралы оқыған да, естіген де емеспіз. Бірақ, Пәуедин атамыз деректер келтірген дәптерінде қазақ хандарының тізімі бар. Ол заманда Қазақ хандарының есімін адамның басын шабатындай заман болғанын ескерсек, бұл дегеніңіз Пәуедин Сыдықовтың осынау тарихымыз жоғалмасын, ұрпағымызға аман-есен жеткізейін деген жанкештілік еңбегі емес пе?
Қолжазбаларға келер болсақ онда көптеген тарихи деректер жазылған. Тіпті 1929 жылғы көтерілістің хандары мен оған қатысатын адамдардың тізіміне дейін бар. Мысалы: Қожбан хан 1 жыл хан болған, Жұбанияз хан 8 жыл ел билеген, Қарақат хан сияқты хандар көтерілісшілерге бас болған.
"Қазақ хандарының кереметтері", "Орысқа қарсы қазақ көтерілістері", "Елу ғасырдан бергі жердегі түрік, қазақ хан-патшаларының тізімдері" сияқты жазбаларда нақты, құнды мәліметтер көрсетілген.
Егер толығырақ білгілеріңіз келсе, менің "Қазалылық Алашордашы" атты кітабымда мұның барлығы аудармасымен, түсінікті көрсетілген.
Қорыта айтсам, Пәуедин Сыдықов халқы үшін жаны ауырған, артына мол құнды деректер қалдырған Алашорда азаматы. Бұл қолжазбаларды оқыған адамның бұған көзі жететіні сөзсіз.
– Уақытыңызды бөліп, сұрақтарымызға жауап бергеніңіз үшін үлкен рақмет. Қаламыңыз мұқалмасын.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ.