ОТАН АЛДЫНДАҒЫ БОРЫШ – ЕҢ ҚАСИЕТТІ ПАРЫЗ
Әскер қатарында қызмет етіп, Отан алдындағы парызды өтеуге әрбір азамат міндетті. Себебі, туған жерді, елді, атамекенді қорғау – қасиетті борыш. Әрбір ер азамат әскерге баруды абыройлы міндет ретінде сезіне отырып, ел алдында берген антты орындайтын үлкен асу баспалдағы тұрғанын естен шығармауы тиіс. Осы орайда, жас Отан қорғаушылармыздың жай-күйі мен олардың әскери міндеттерімен танысу үшін Қызылорда облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы полковник Мұрат Даулетбаховпен сұқбаттасқанды жөн көрдік.
– Мұрат Шымкентбайұлы, әскерсіз ел қауқарсыз - дейді. Қауқарлы әскер болу үшін, сарбаздар мен курсанттар дайындау барысында офицерлермен сержанттар құрамының білімі мен біліктілігіне келіп тірелетіні рас. Осы орайда, әскери қызметте қызмет атқарып жүрген әскери қызметшілердің білім деңгейі қаншалықты?
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында біздің мақсатымыз әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу екендігі айқын көрсетілген. Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс.
Бұл мемлекеттің алдыңғы шебінде тұратын әскер үшін де басты міндет. Қазіргі дамыған білім мен техника бәсекелестік заманында әскери қызметшілер күнделікті жұмыс барысында іс-тәжірибе арқылы ізденісін ұштастырып отырады. Бір сөзбен айтқанда кез-келген әскери қызметші өз саласын жетік білу жолында еңбектене отырып, жоғары нәтижелі жұмыс қорытындысын шығаруға тырысады.
Жоғары да айтылған істің дәлелі ретінде елімізде болашақ офицерлер мен сержанттар дайындауда жігерлі жұмыс атқарып келе жатқан әскери институттар мен әскери мектеп-интернаттары және сержанттарды даярлайтын Кадет корпусы туралы зор мақтанышпен айта аламыз. Олар Ақтөбедегі Кеңес Одағының екі мәрте батыры Т. Бигелдинов атындағы Әуе қорғаныс күштерінің әскери институты, Алматы қаласындағы Құрлық әскерлерінің Әскери институты; Радиоэлектроника және байланыс әскери инженерлік институты, Ақмола облысы Щучинск қаласындағы Ш. Уәлиханов атындағы Кадет корпусы; Астана қаласындағы генерал С. Қ. Нұрмағамбетов атындағы "Жас Ұлан" республикалық мектебі; Алматы, Шымкент, Қарағанды қалаларындағы Республикалық әскери мектеп-интернаттар.
Биыл Қызылорда облысы бойынша 39 азамат әскери оқу - орындарына түсті. Былтырғы жылға қарағанда, оқушылардың әскери салаға деген ынта-жігері жылдан-жылға арта түсуде. Осы тұста айта кету керек, мектептегі бастапқы даярлық пән мұғалімдерінің де еңбегі зор.
Сержанттар және сарбаздар құрамындағы әскери лауазымдарға азаматтарды келісімшарт бойынша әскери қызметке жасы 18-ден 30 жасқа дейінгі әскери техникалық мектептің ақылы негізде жиыннан өткен және мерзімді әскери қызметін өтеп келген әскери міндеттілерді Аягөз, Өскемен, Семей, Гвардейск, Үшарал, Сарыөзек, Қапшағай, Приозерск және Ақтау қалаларында орналасқан әскери бөлімдерге келісімшарт бойынша әскери қызметке шақырады. Қазіргі уақытта әскери қызметшілерге ақшалай қамтамасыз ету, тұрғын үйдің жалға алу төлемінің кепілдігі, ақысыз медициналық қамтамасыз ету және жыл сайын кезекті еңбек демалысына шыққан уақытта үш айлық көлемінде ақшалай қаражат төленеді. Бір әскери бөлімдермен келесі әскери бөлімдерге ауысқан кезде 100 шақырымнан асатын болса, әскери қызметшіге 2 айлық жалақы көлемінде, жолдасы мен балаларына әр қайсысына бөлек бөлек 1 айлық жалақы көлемінде ақшалай қаражат төленеді. Қосымша ақпаратты міндеттілерге аудандық қалалық қорғаныс істері жөніндегі басқарма мен бөлімдерге хабарласуға болады.
Келісімшарт негізінде былтырғы жылы 66 әскери қызметші Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі әскери қызметте жұмыс атқаруда. Сонымен қатар, биылғы жылы 45 әскери қызметші келісімшарт негізінде әскери бөлімдерге қабылданды.
– Мерзімді әскери қызметке кімдер шақырылады? «Күз-2017» әскерге шақыру науқаны бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырып өтсеңіз?
– Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың «Әскери қызметтің белгіленген мерзімін өткерген мерзімді әскери қызметтегі әскери қызметшілерді запасқа шығару және Қазақстан Республикасының азаматтарын 2017 жылдың наурыз – маусымында және қыркүйек – жел¬тоқсанында мерзімді әскери қызметке кезекті шақыру туралы» № 449 Жарлыққа қол қойды. Осы Жарлыққа сәйкес 18 жастан 27 жасқа дейінгі ер азаматтар қолдарына шақырту қағазын алған күннен бастап, ағымдағы жылдың наурыз – маусымында және қыркүйек – желтоқсанында жергілікті мекенжай бойынша орналасқан жергілікті әскери басқару органдарына (военкомат) баруға міндетті.
Мерзімді әскери қызметке шақырушы азаматтар алдымен міндетті түрде медициналық куәландырудан өтеді. Әскери-дәрігерлік комиссия медициналық куәландыру нәтижелері болашақ сарбаздардың денсаулығы жөнінде шешім шығарады.
Дәрігер мамандар мынадай белгілер бойынша азаматтардың жарам¬дылық санаттары туралы қорытындыны шығарады:
«А» – әскери қызметке жарамды;
«Б» – кішігірім шектеулермен әскери қызметке жарамды;
«В» – әскери қызметке шектеулі жарамды;
«Г» – әскери қызметке уақытша жарамсыз;
«Д» – бейбіт уақытта әскери қызметке жарамсыз, соғыс уақытында шектеулі жарамды;
«Е» – әскери есептен басқа әскери қызметке жарамды емес. (27 жастан асқандар).
Биылғы жылы көктемгі науқанда 1990-1999 жылы 800-ден аса азамат әскер қатарына жіберілсе, күзгі науқан ағымдағы жылдың 5-қыркүйегінде басталды. Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметіне 156 азамат жіберілді. Жоспар бойынша желтоқсан айына дейін 800-ден аса мерзімді әскер қатарына шақырылушыларды Қазақстан Республи¬касының Қарулы Күштеріне, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігіне, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметіне Отан алдындағы борышын өтейді деп жоспарланды
– Науқан кезінде түрлі жағдайлардың куәсі болып жатамыз. Мысалы: кейбір азаматтар әскерге баруға асығады. Тағы бір азаматтар денсаулығы салдарынан сарбаз қатарына қосыла алмай жатады. Кімдер әскер қатарынан кейінге қалдырылуы мүмкін?
- Жасы 18 бен 27 аралығындағы жігіттерді мерзімдік әскери қызметке шақыру тек отбасы жағдайларына байланысты, жоғары оқу орындарында білім алуды жалғастыру және денсаулық жағдайы бойынша кейінге қалдырылады.
Сонымен қатар басқа да себептер бойынша соның ішінде отбасы жағдайлары бойынша – басқа адамның көмегiне мұқтаж немесе толық мемлекеттiк қамсыздандыруға алынбаған отбасы мүшелерiн күтумен айналысатын, сондай-ақ жақын туыстары немесе басқа да адамдар болмаған кезде отбасы мүшелерін асырауға мiндетті азаматтарға жеңілдіктер беріледі. Ондай азаматтарға әскерге шақыруды уақытша кейінге қалдыру ұсынылады.
Басқа адамның көмегiне, күтіміне мұқтаж отбасы мүшелерi: әкесi, анасы, әйелi болса, сондай-ақ әскерге шақырылушының ата-анасы болмаған жағдайда, зейнеткер жасына толған немесе бiрiншi немесе екiншi топтағы мүгедектер болып табылатын атасы мен әжесi, егер олар оның асырауында болса; ата-анасы болмаған жағдайда, бiрiншi немесе екiншi топтағы мүгедектер болып табылатын немесе он сегіз жасқа толмаған аға-інілерi, апа-сіңлілері әскерге ша¬қырылушыдан басқа бiріншi немесе екiншi топтағы мүгедектер болып табылатын немесе он сегiз жасқа толмаған бiр және одан да көп балалары бар және оларды күйеусiз (әйелсiз) тәрбиелеп отырған анасы (әкесi); өзінің асырауында жасы бойынша еңбекке қабiлетсiз немесе І немесе ІІ топтағы мүгедектер болып табылатын 1 және одан да көп жалғызiлiктi туыстары (әкесi, анасы, аға-інілерi, апа-қарындастары) бар және оларды күйеусiз (әйелсiз) асырап отырған анасы (әкесi); І немесе ІІ топтағы мүгедек болып табылатын, екіншiсiн өзi асырайтын және әскерге шақырылушыдан басқа 18 жасқа дейінгі бiр және одан да көп бала тәрбиелеп отырған ата-анасының бiрi; өзiнiң асырауында анасыз тәрбиелеп отырған баласы (балалары); 1 және одан да артық балалары бар некеде тұратын азаматтарға әскерге шақыру кезінде жағдайына қарап, жеңілдік жасалады.
Екінші мәселе, білім беру орын¬дарында оқып жатқан кезде әскерге шақыру мерзімін кейінге қалдыру – білім беру орындарында жалпы орта білім алатын азаматтарға; тиiстi білім беру орындарында күндiзгі оқу нысаны бойынша техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі немесе жоғары білім беру орындарында білім алып жүрген азаматтарға нақты қай жерде оқитынын растайтын құжаттарды ұсынған кезде; жоғары оқу орнынан кейiнгі кәсiби білім алып жүрген азаматтарға; білімін жалғастыру себебі бойынша кейінге қалдырылған азаматтар, білім алу кезінде әскерге шақыру кейінге қалдырылады.
–Уақыт бөліп, сұқбат бергеніңізге рақмет. Елін қорғайтын азаматтарымыз қатары арта бергей.
Сұхбаттасқан: Фариза ОМАРОВА