ҚЫЗМЕТІ КӨПКЕ АРНАЛҒАН КӘСІПОРЫН
Соңғы жылдары қарқынды әлеуметтік-экономикалық дамудың арқасында Қызылорда облысының құрылыс секторы жоғары көрсеткіштерге ие болып келеді. Аймақта жаңа шағын аудандар, әлеуметтік нысандар құрылысы бой көтеруде. Мектептер, заманауи тұрғын үй кешендері, саябақтар мен демалыс орындарының қатары артты. Бір сөзбен айтқанда, қала аумағы үлкейіп, көркейіп келеді. Дегенмен, бұл саланың өзіне тән ерекше назар аударатын мәселелері де аз емес.
Жасыратыны жоқ, ғимараттар немесе басқа да құрылыс нысанын жобалау кезінде құрылыс компаниялары мен жеке тұлғалар инженерлік инфрақұрылымның орналасуын әрдайым ескере бермейді. Құрылыстың бастапқы кезеңінде ескерілмеген бұл мәселелер кейін қомақты шығынға әкеліп соғуы мүмкін. Құрылыс барысында жұмысшылар жер астындағы есептелмеген коммуналдық желілермен немесе "жасырын" кәріз жүйелерімен соқтығысып қалуы әбден ықтимал. Ал бұл жұмыс процесін баяулатып, құрылыстың дер кезінде аяқталуын тежейді.
Сала мамандарының айтуынша, сауатты жобаланған нысан, инженерлік желілер мен коммуникациялар – ең алдымен қауіпсіздік кепілі. Кейін дұрыс есептелмеген жер учаскесі, жарық, кәріз немесе су жүйесінің мәселелерімен қосымша шығынға батып, жүйкеңізді жұқартқыңыз келмесе әу бастан-ақ кәсіби мамандардың қызметіне жүгінгеніңіз абзал.
Кәсібилікті ауызға алғанда ең алдымен ойға «Мемқалақұрылысы» РМК-ның Қызылорда облыстық филиалы келеді. Бұл мемлекеттік мекеме инженерлік желілер мен коммуникациялар туралы талдауды жүзеге асырады, кез келген қала аумағындағы жер учаскесі туралы толық ақпаратты ұсынады. Осы және басқа да ұсынылатын қызмет түрлері бойынша "oldkaz.kyzylorda-news.kz" облыстық интернет-газетіне филиал директоры Бағдат Нәлібаев айтып берген болатын.
– Бағдат Жеңсікбайұлы, филиал және оның атқаратын қызметі туралы айтсаңыз?
– «Мемқалақұрылысы» РМК-ның Қызылорда облыстық филиалы 2016 жылдың маусымында ашылған болатын. Содан бері сәулет-қала құрылысы саласында өз қызметін жүзеге асырып келеді. Біздің филиалмен қала бойынша инженерлік коммуникацияларды түгендеу, аумақтың кадастрлық жоспарын дайындау, инженерлік коммуникациялар кестесін жоспарлау секілді жұмыстар жүргізілуде.
Сондай-ақ, құрылыс аумағына инженерлік жүйе жүргізу үшін қызыл сызықтары белгіленген, орналасқан орны айқындалған Мемлекеттік қала құрылысы кадастрының мәліметтерін ұсынамыз, инженерлік коммуникациялар жөніндегі деректерді Мемлекеттік қала құрылысы кадастрының Автоматтандырылған ақпараттық жүйесі базасына енгіземіз. Сонымен қатар, қолда бар М:2000 Қызылорда облысы елді мекендерінің электрондық картасы негізінде аймақтың аудандар бөлінісіндегі облыстық және базалық деңгейдегі ақпараттық деректер базасы құрылған және өзектендірілген. Қарапайым тілмен айтқанда біздің мекеме кез келген жер учаскесінің айналасында орналасқан инженерлік коммуникациялар, нысандар мен күре жолдар, нысандар туралы, сонымен қатар құрылыс жүргізуге рұқсат беретін құжаттар жөнінде толық ақпаратты бір жерге жинақтайды. Бұл осы қызмет түрін пайдаланушы үшін өте қолайлы. Әр мекеменің есігін қақапай, бір жерден керекті мәліметін алады. Аталмыш қызмет түрі сәулетшілердің де, құрылыс салушылармен және жергілікті атқарушы органдардың жұмысын айтарлықтай жеңілдетеді.
– Жергілікті атқарушы органдармен қалай қарым-қатынас жасайсыздар?
– Мекеме облыстағы құрылыс және өзге де басқармалармен, мердігерлік ұйымдармен, жобалаушылармен, жер қатынастары бөлімдерімен, «Қызылорда су жүйесі», «Қазақтелеком», «Қызылорда электр жарығын тарату компаниясы» секілді коммуналдық қызметтермен және басқа да басқа қызметтермен, жылжымайтын мүлік объектілерінің тіршілігін қамтамасыз ететін мекемелермен тығыз байланыста жұмыс жасаймыз. Негізінен жоғарыда аталған мекемелердің әрқайсысы бізге өз құрылыс қызметі туралы ақпаратты жолдап отыруы тиіс. Ал біз өз кезегімізде алынған ақпаратты саралап, жүйеге сақтаймыз, кадастрлік ақпарат таратамыз. Бұл дегеніміз, барлық қала құрылысы саласындағы ақпарат бір жерге жинақталады деген сөз. Бұл ситуациялық жоспар ресімдеу кезінде де ыңғайлы. Қазіргі таңда, мемлекеттік органдардан келген мәліметтер негізінде қала бойынша барлық коммуналдық жүйелердің орналасқан бағыттарын анықтау жұмыстары атқарылуда.
– Ахуалдық жоспар ресімдеу туралы айтып кеттіңіз. Осы жөнінде тарқата айтсаңыз?
– Ахуалдық жоспарда салынатын нысанның жақын елді мекенге байланысы, сыртқы жарық, жылу, су көздерімен кәріз жүйелерімен, құрылыстарымен байланысы көрсетіледі. Нысанның жақын көше бөлігімен қоса «топосьемкалық» суреті, жер телімінің жақын аумаққа байланысын көрсететін тігінен жасалған сызбасы. Ол жергілікті жердің топографиялық-геодезиялық жұмыстары негізінде құрылады. Ахуалдық жоспар сызба түрінде орындалады және құрылыс немесе жобалау, объектілерді қайта жаңарту жұмыстарын жүргізу үшін негіз бола алмайды.
– Ахуалдық жоспар не үшін қажет?
– Жоспар жер учаскесінің айналасында орналасқан жолдардың қашықтығын, нысандар мен коммуникация желілерінің орналасқан орнын анықтау үшін, жер телімін құжаттандыру кезінде, сату-сатып алу туралы келісім-шарт жасағанда шекарасын белгілеу, ол жерге салынатынын құрылыстың бағытын, қай аумақта екенін анықтау үшін қажет.
Сондай-ақ, қала құрылысы қызметін ретті жүргізу үшін, қабылданатын шешімдердің ашықтығы, өз меншігіңнің заңдық қорғалуы үшін де таптырмас құжат. Ахуалдық жоспардың көмегімен жаңадан салынатын нысанға жарық жүргізу кезінде электр станциясына ең қысқа жолды анықтауға септігі зор. Коммерциялық нысан болса, мысалы, демалыс орнын алайық, керекті ақпаратсыз кәріз жүйесі немесе қоқыс төгетін орынға жақын орналасып қалмауы керек қой. Сонымен қатар, қолында осындай жоспар болған жағдайда артық шығынсыз сумен жабдықтау желілерін жақын нүктеден тартып қана қоймай, салынған кәбілдерді зақымдалудан сақтайсыз. Жалпы айтқанда, оның пайдаланылу саласы сан алуан.
– Оны кімдер пайдалана алады?
– Оны инвесторлар жаңа коммерциялық нысанының параметрлері мен оның функционалдық бағытын тағайындау үшін нақты бизнес-жоспар жасау мақсатында пайдалана алады. Жер учаскелерінің меншік иелеріне активтерінің нақты құнының анықтау көлемін және шекарасын анықтау, өзгерту үшін, көрші жер телімдері туралы хабардар болуы үшін осы жоспар ауадай қажет. Сондай-ақ, жаңа қоныс таңдаған кезінде аумақтың жекелеген бөліктерін және функционалдық аймақтарын, мектеп, дәріхана немесе тағы да басқа әлеуметтік нысандардың орналасуын анықтау үшін қарапайым халыққа да керек.
– Сіздердің қызметтеріңізді облыс тұрғындары қалай пайдалана алады?
– Ол үшін біздің филиалға келіп арыз жазса болғаны. Біздің қызметіміз жер телімі туралы, оның айналасындағы инженерлік коммуникациялар жүйесі жайлы білгісі келген кез келген қызылордалыққа қолжетімді. Біз мына мекен-жай бойынша орналасқанбыз: Қызылорда қаласы, Мұстафа Шоқай көшесі, 147.
– Сонда ахуалдық жоспары ресімдеу қанша тұрады? Қызмет түрлерінің бағасын кім белгілейді?
– Бағасы қаралатын жердің алаңына мен орналасқан жеріне тікелей байланысты болады. Прейскуранттағы бағалар уәкілетті органның бұйрығына сәйкес бекітілген. Дегенмен, бағасы жеке және заңды тұлғалар үшін де қолжетімді екенін нақты айта аламын. Аталмыш қызмет түрін көрсететін жеке серіктестіктерге қарағанда анағұрлым арзан.
– Өзіңіз айтқандай, қазіргі кезде қала құрылысы саласында әр түрлі қызмет түрін көрсететн жеке мекемелердің саны артты. Сіздердің басты артықшылықтарыңыз деп нені айта алар едіңіз?
– Біздің мекеме мемлекеттік қала құрылысы кадастрының ресми деректерін ұсынады. Біз берген анықтаманы жобаға қосымша құжат түрінде тіркеуге болады. Тағы бір артықшылығымыз, біздің база тұрақты түрде жаңартылып отырады. Қаладағы барлық салынып жатқан, жөнделетін, бұзылатын нысандар туралы, жер учаскелерінің сатылғаны, қай жер телімі тұрғын үй, өндірістік базалар мен әлеуметтік объектілердің құрылысына бөлінгені туралы ала біліп отырамыз.
Айта кетейік, мемлекеттік қала құрылысы кадастрының бірыңғай жүйесі болашақта Қазақстанның электрондық Үкіметінің бөлігі болады. Ол жер телімдерін бөлу, құрылыс жүргізу туралы рұқсат беру рәсімдерін жеделдетуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетуді қамтамасыз етеді.
– Қазіргі таңда қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз?
– Қазір коммуналдық қызметтердің барлық деректерін цифрландырумен айналысып жатырмыз. Негізінен жоғарыда айтылған мекемелерде ақпарат қағаз түрінде сақталған. Бұл ауқымды жұмыс, сондықтан ол алдағы уақытта да жалғасын табады. Сонымен қатар, облыс орталығындағы инженерлік коммуникациялар мен объектілерді түгендеу жұмыстарын жүргізудеміз. Болашақта аудандарды қамтуды жоспарлап отырмыз.
– Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңызға рақмет!
Ақнұр ЖАҒЫПАРОВА