ЗЕЙНЕП АХМЕТОВА: «ТӘРБИЕСІЗ ҚЫЗДАН ТӘЛІМДІ КЕЛІН КҮТПЕ»
Соңғы жылдары Алматыда үлкен-кіші мешіттердің айналасын кембағал, мүгедек қайыршы ғана емес, бүлдіршін қыз, жас келіншек торуылдап, қайыр тілейтін болған. Тастаған тиын-тебенге таласып-тармасып, қызыл кеңірдектесіп жатады. Осы көрініс көзге тым қораш көрініп жүргені анық. Мешітте қайыр тілейтін қыз-қырқын, келіншек неге көбейіп кетті? Батыр Бауыржан Момышұлының келіні, зерделі ана Зейнеп Ахметоваға осы сауалды қойдық.
– Олар жоқтықтан, аштықтан мешіттің есігінде қайыр тілеп жүрген жоқ. Жұмыс істеп, адал ақша табуды ауыр көреді. Жалқаулық жар бермейді. Біреудің еденін жуып, баласын бағудан арланады. Ал қайыр тілеуден ұялмайды. Өйткені, ұяты азайып кеткен. Ұят – ұядан пайда болады. Ал олардың тәрбиесі басынан, сонау бастау көзінен бүлінген.
– Зейнеп апа, мүмкін, олар шынымен жұмыс таба алмай, амалсыздықтан осындай қадамға барған шығар?
– Жоқ, балам, қазір екі қолға бір күрек табылады. Жұмыс істеймін деген кісіге кәсіп, еңбек етем деген жанға нәсіп бар. Ал мешітте қайыр тілеп отырғанның бәрі – жалқау. Құлқынның құлы. Олардың намысы өлген. Намысы өлген адам еңбек етейін, адал ақша табайын, ұят болады – деп ойламайды.
Біз осы күйге қалай түстік?
Көкейіміздегі осы сұрақтардың жауабын Зейнеп апай арыдан бастады.
«Қыз тәрбиесі келмеске кетті»
«Қыз тәрбиелеу – ұлт тәрбиелеу деген сөз. Біздің әр үйде өсіп жатқан қаракөз қыздарымыз – бәрі қазақтың болашақ ұрпағының анасы, ұлттың әжесі. Сондықтан, қызымызды ата-баба дәстүрімен, қырық үйден тыйым салатын сәлиқалы салтымызбен өсіруіміз керек.
Бұл күндері қарап отырсақ, байлық па, барлық па, мақтаншақтық па, даңғазалық па, есіріктік пе, қалай дерімді білмеймін, титімдей бір-екі жасар қыздың құлағын тесіп, алтын, тіпті гауһар тасы бар қымбат сырға салғанды көріп жүрміз. Осының қажеті қанша? Қазақ қыздың құлағын жеті жасында тескен. Өйткені жетіге дейін ол қуыршақ ойнап, тұлымшағы желбіреп, асыр салып, балалық дәуренді мейлінше бақытты өткізуге тиіс. Сырға тағу қыздың бойжете бастағанын, балалық шағынан алыстай бастағанын білдіреді. Қазір осы дәстүрді ойсыз жасап жүрміз.
Қыз тәрбиесін назардан шығарып алғанымыз жасырын емес. Бұған қыздарымыздың қалай болса солай: ашық-шашық киініп, кіндігін көрсетіп жүргені дәлел. Жас қыздардың көшеде ашықтан-ашық темекі шегіп, сыра ішіп жүргенін көріп жүрсек те, мән бермеуге айналдық. Олардың ертеңгі ана екенін естен шығарып жүрміз. Ал біздің ата-бабамыз балалық дәурені өтісімен қызға дұрыс тәрбие беруді қолға алған. Қыз – аз күнгі қонақ деген. Сондықтан да күні ертең келін болып түскен жерінде ата-анасына, ауылына сөз келтірмеуін алдын ала ойлаған. Ескі қоғам – ескіліктің қалдығы емес, мәдениеттің озық заманы болған. Әттең, қазір соның бәрінен айырылдық!
– Ақыл айтатын ата, өнеге болатын ене бар емес пе еді?
–Қазір келін мен ата, ене мен күйеубала шөлмектес. Бұл ұлттық құндылығымыздың азғындауы. Жасыратыны жоқ, қазір атасының алдында «шорти» киіп шолтаңдап, енесінің алдында тар, ашық-шашық майка киіп, қарнын жарқыратып, кіндігін көрсетіп жүрген келін қаншама! Ар санамайды. Тіпті ұялмайды. Денесінің ашығынан ұялмаған келіннің бетінде ұят қала ма? Жоқ! Әр халықтың өзіне ғана тән дәстүр, салты бар. Егер сол жолдан аттасаң, онда тамырыңнан айырылып, азғындық жолға топ ете қаласың. Өйткені, салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ар-иба – ұлттың рухани коды.
Өзбектерге таң қаламын! Олар дүниенің қай бұрышында жүрсе де, өзбек! Басында ала тақиясы, үстінде ала шапаны, атлас көйлегімен «Мен өзбекпін!» – деп мақтанып тұрады. Ал біз ұлттық киім түгілі, тілімізден ұяламыз. Басқа тілде сөйленуге, басқа елдің дәстүрімен жүруге бейімбіз. Еліктегішпіз. Өзіміздегі бардың қадірін-қасиетін білмейміз. Білгіміз де келмейді. Қажет болса, басқа халық болып кетуге, ұлтымызды өзгертіп алуға да дайынбыз!
«Ұлттық намыс жоғалды»
Қазақтың қызы неге шетелге құмар? Неге шетелдікке күйеуге шығуға сонша құмар? Әлемнің барлық тілін біл, бірақ ана тіліңді ұмытып, ұлтыңнан безсең, онда шірік жұмыртқасың. Ауылда жүрген ұлды да, қызды да «пәленшенің қызы, түгеннің баласы» деп шақырады. Мақтаса да, боқтаса да әкеңнің атымен атайды. Жақсы сөз де, жаман сөз де әкеңе ғана тиеді. Ал үйден қырық қадам аттаған соң әкеңнің атымен аталмайсың. Әсіресе, шетелде «Қазақтың қызы, қазақтың баласы» – деп шақырады. Жақсы атың шықса, сөзім жоқ. Жаман атыңмен көрінсең, ұлтыңа, өз қазағыңа, еліңе тіл тигізесің. Қазір біздің шетелде оқып, шетелдіктерге күйеуге шығып жүрген қыздардың көбі ұлтына, еліне тіл тигізіп жатыр.
Біз көне халық едік. Дәстүріміз дара, салтымыз сәлиқалы ескі халық едік. Тамырын тереңге тартқан ел едік. Шайқалса да шайыры сыртына шықпайтын, жел соқса да құламайтын емендей алып ел едік. Қай жерден қателестік? Қай жерден мүлт кеттік екен?! Қай қылығымызға бола бізді осындай жаза күтіп тұр?! Неден кемшілік кетірдік? Ұрпағымыз неге дәстүрін ұмытты? Сан мың жыл сақтап келген бай рухани мұрамыздан неге баз кештік? Не жаздық?
Намысымыз биік ұлт едік қой. Қазір неге сол асыл қасиеттен айырылып қалдық? Ұлттық намыс деген ауыл үйдің көже намысы емес, ол Алатаудай биік, ертістей қаһарлы намыс. Ұлттың намысы ауыл арасындағы пыш-пыш намыс емес, ол парасатты намыс.
«Кесте тігетін қыз жоқ»
Бүгінгі қыздарға кесте тіктіріп, шұлық тоқыта алмаймыз. Өзіне ұнаған матадан «қалаған үлгіде көйлек тігіп ал» деп мәжбүрлеу де мүмкін емес. Барлығы сатылады. Барлығы дайын. Өз басым күні бүгінге дейін шаршаған сәтте бір мезгіл кесте тіккенді жақсы көремін. Кестенің өрнегіне қарағанда адам бөтен ой ойламайды. Ойыңнан өрнек салып отырғанда тек соның әдемі болып шығуына көңіл бөлесің. Есіме түскен мына оқиғаны айта кетейін. 1974 жылы Атаның (Бауыржан Момышұлы – ред) туған күніне арнап әдемі екі жастыққап кестеледім. Әлі күнге дейін сақтаулы. Ата жастыққапты көргенде: «Мені ұзататын қыз құсап… Мынауың не?» – деді ашуланып. «Ата, кешіріңіз, мен мұны өз қолыммен сізге арнап тіктім», – дедім. Сонда барып атаның жүзі жылыды, әйтпесе лақтырып жіберер ме еді… «Қарай гөр, тура машинамен тіккендей», – деп еді сонда өз қолыммен тіккен еңбегімді бағалап. Қолдан істелген нәрсе бөлек болады. Бертінде екі немереме арнайы төркөрпе жасадым. Оны ана жер, мына жерден теберікке берген маталардан құрадым. Ондай теберікке берілген бір жапырақ матаны біреуге бере алмайсың, қалай болса солай тастауға болмайды, мейілінше қажетке жаратқан жақсы. Төркөрпені тігіп жатқанымды көргенде «жұмыс істемегендіктен, ерігіп тігесің ғой, әйтпесе бұл күнде не керектің бәрі дүкенде толып тұр» дегендер де болды. Өкініштісі, мен мұны мүлде басқа мақсатпен тіккенімді олар түсінбеді. Біріншіден, бұл – талай үлкен кісінің теберігі, Құран оқылған жерден келген қыжым, пүліштер. Екіншіден, мен соны өз қолыммен тігіп отырмын. Ертеңгі күні мен өмірден өткен кезде Анарым (келіні) әжесінің немерелеріне өз қолымен тіккенін айтып, мұны келіндеріне табыстайды. Қазақтың кез келген қолөнері атадан балаға, ұрпақтан ұрпаққа осылай жеткен жоқ па?! Өзіміздің қолөнерімізді осылай дамытып, түрлендіріп мұра етіп қалдырмадық па?! Бұдан шығатын корытынды – қыз тәрбиелі болса, келін өнегелі болады. Келін өнегелі болса, ана парасатты болады. Ана парасатты болса, әже данышпан болады. Өмір осылай жалғасады.
«Момышұлының келіні» – төлқұжатым»
Мен – Момышұлының келінімін. Бұл менің – төлқұжатым. Момышұлының келіні болғаным үшін текті әйел, асыл әже болмауға хақым жоқ. Оның үстіне менің анам да салт-дәстүрге қатты кісі еді. Сөйлеген сөз, істеген ісіміздің бәрін өзі қадағалап қарап отыратын. Шалыс кетсек, аямаушы еді. Анам өмірден өтер-өткенше қазақтың сал-дәстүрінің үкісін қисайтпай ұстаған адам еді. Ата-баба аманаты болған қазаққы ғұрып, салт, әдеп-ибаның бәрін құлағымызға құйды. Қайын атаның кебісіне аяқ сұқпайтын, ененің төсегіне отырмайтын, үлкеннің алдын кесіп өтпейтін, ертең ерте бет жумай от жақпайтын адам етіп тәрбиеледі. Мінеки, байырғы қазақтар осы дәстүрмен, осы ережемен тәрбиелейді ұл-қызын.
Қазақтың қыздары күйеуге тигенге дейiн ешқашан басына орамал салмаған. Мен өз басым, кiшкентай қыз баланың басын тұмшалап, орамал немесе хиджаб салып қойған дұрыс емес деп есептеймiн. Өйткенi, ол ертеңгi күнi өзi таңдауы керек. Баланың iшкi жан дүниесi, Алланы тануы деген сияқты сауалдарға уақыты келген кезде өзi таңдау жасайды. Дiндi ұзын, қысқа көйлек киген «модаға» айналдырып алу дұрыс емес.
«Атам заманнан келе жатқан салт 25 жылдың iшiнде дұрыс болмай қалды, оның барлығы дiнге қарсы болып қалды» – дегенге қарсымын. Қазақ салтының дiнге қарсы ештеңесi жоқ. Ата дәстүрiмiзден алыстасақ, құрдымға кететiн жерiмiз сол болады. Өйткені, дін – сенім, дәстүр – иммунитет. Дінімізді дәстүрімізбен бірге ұстаған бабаларымыз ешнәрседен қателескен емес. Соны айтқан, бабалар жүрген жолды көрсеткен біз неге қателесуіміз керек? Соны түсінбеймін.
Жазып алған Жарас КЕМЕЛЖАН