ГЕННАДИЙ ШИПОВСКИХ: БІЗ ТЕК «ҚАРА АЛТЫНМЕН» ҒАНА МАҚТАНАТЫН ЕЛ ЕМЕСПІЗ
26 сəуірде елордадағы Бейбітшілік пен Келісім сарайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының (ҚХА) XXV сессиясы өткені баршаға мəлім. Жиынға Президенттің соңғы жарияланған рухани жаңғыру жөніндегі мақаласы арқау болып, «Жаңғырудың негізі — тұрақтылық, бірлік, келісім» тақырыбы кезекті сессияда талқыланды. Халықтар достығы, татулық, бірлік — бұлардың барлығы да Қазақ Елінің тəуелсіздік алғалы жолынан айнымай келе жатқан ұғымдар.
Елбасымыздың мақсаты — алмағайып заманда атажұртынан ауып келген жүзден аса ұлттың бүгінгі ұрпағымен біте қайнасып өмір сүру, мемлекеттің даму үрдісін бірлік, татулық жəне өзара келісім арқылы жүзеге асыру. ҚХА-ның кезекті сессиясында Елбасы баяндамасында бұл тағы да нақтыланды. «Жекелеген адамдардың емес, тұтас халықтың бəсекеге қабілеттілігін арттырған ұлт қана табысқа қол жеткізеді. Жаңаруға деген ішкі ұмтылысымыз біздің дамуымыздың түйінді қағидаты ретінде біздің мақсаттарымыздың бірлігін, құндылықтардың ортақтығын жəне қоғамдық келісімнің қуатын айқындайды», — деп, үндеуде қуатталды.
Рухани құндылықты ұлықтаған сессияда ҚР Парламенті Мəжілісінің депутаты Геннадий Шиповскихтің http://elana.kz/ сайтына берген сұхбатын назарларыңызға ұсынамыз.
— Геннадий мырза, еліміздің ынтымақ мерекесі құтты болсын! Ассамблеяның кезекті сессиясынан не түйдіңіз? Этностарымыздың алдында қандай жаңа міндеттер тұр?
— Елбасының қай кездегі болмасын тапсырмаларына көз жүгіртер болсаңыз, бейбітшілік, татулық, ауызбіршілік ұғымдарын байқау қиын емес. Мемлекетіміз қандай белесті бағындырса да, оған ынтымақтың арқасында жетіп отырғанымызды жəне алда бар асулардан тек қана татулықпен өтетінімізді ескерген жөн. Мəселен, кезінде бəсекеге қабілетті 50 елдің қатарына енуге талпынып, мақсатымызға жеткен болсақ, Президенттің ендігі көздегені — Қазақстанды дамыған 30 елдің қатарына қосу. Ал оған бір ғана Президент немесе билік өкілдері ғана емес, тұтас Қазақстан азаматтары қолдан келгенше атсалысуы тиіс. Себебі біз өзге мемлекеттерге қарап бой түзейік десек, қазір əлем халықтарының бəрінің бойын үрей билеген, діни алауыздық өршіп, жанын қоюға жер таппай жүрген жұрттың қарасы қалың. Оларға қарағанда, жаһанға үлгі боларлық Қазақстан халқының ынтымағы көңіл қуантады. Бұл тұрғыдан ҚХА-ның үлесі зор деп білемін.
— ҚХА-ның 25 жылдағы жұмысына қандай баға бересіз?
— Бұл сұрағыңа бір кездері БҰҰның Бас хатшысы болған Коффи Ананның Қазақстанға жасаған сапарында ҚХА-ның моделімен танысқанда берген бағасымен жауап берейін. Ассамблеяның мақсат-міндеттерімен егжей-тегжейлі танысқан ол «ҚХА моделінің жержаһанда баламасы жоқ» деген болатын. Бұған еш алып-қосарым жоқ.
— «Туған жер» бағдарламасы да сессияда сөз болды. Бұл жөнінде айтарыңыз бар ма?
— Қазақта «Су ішкен құдығыңа түкірме» деген əдемі сөз бар. Кез келген адамды туған жері тартып тұратыны анық. Көпшілігіміз Астанада немесе басқа да үлкен қалаларда тұрып жатсақ та, бүйрегіміз туып-өскен жерімізге ауып тұратыны бесенеден белгілі. Мəселен, мен Қызыорда облысы, Арал ауданының Сексеуіл кентінде туып-өстім. Міне, біз секілді жастар қалаға кеткен күйі туған жерін ұмытып кетпесін, «Туған жерге туыңды тік» деген нақылды жадында түйіп жүрсін деп, Елбасымыз 4 сатыдан тұратын бағдарлама жасады. Оның алғашқы үшеуі қалтаның қалыңдығы немесе қолында билігі бар азаматтардың міндетіне жатса, төртіншісі — тарихи жəне киелі орындарымызды қорғау жəне олардың интерактивті картасын жасақтау. Ал біз тек қазба байлықтарымызбен мақтанамыз ба? Жоқ, əрине. Бізде тарих қойнауынан сыр шертетін киелі орындар өте көп. Арыстан баб, Қожа Ахмет Йасауи кесенелері сəулетімен əлі күнге талайға таңдай қақтырады. Олардан бөлек, əрі туризмді дамытуға, əрі əлемге танылуға мүмкіндік беретін мəдени, рухани мұраларымыз дархан даламызда сайрап тұр. Тек соларды танытуға күш салуымыз керек.
— Дұрыс-ақ. Латын əліпбиіне көшу бастамасы күн тəртібінде тұрғанын жақсы білеміз. Сіздің көзқарасыңызды білсек…
— Латын əліпбиінің тарихына көз жүгіртсек, бұл біздің мемлекетімізде ондаған жыл қолданыста болған. Яғни, оған көшсек, көштен қалып қоямыз деген ойдан аулақ болуымыз керек. Керісінше, ғылым мен техниканың тілі болған ағылшындарға жақындай түсеміз. Демек, күллі Еуропадан Қазақстанға келетін туристер, инвесторларға біздің тілімізді түсіну немесе үйрену бұрынғыға қарағанда оңайға соғып, біздің де шет тілдерін меңгеруге деген талпынысымыз күшеймесе, бəсеңдемесі анық. Сондай-ақ, Елбасының «Үш тұғырлы тіл» саясатының да жүзеге асуына бұл бастама толыққанды жол ашады деп сенімді түрде айта аламын. Көбіне «Осы үш тілді меңгеру бізге керек пе?» деген сұрақ қойылып жатады. Бұл сұраққа жауап беруден жалыққан емеспін. Үнемі қазақтың «Өз тілің — бірлік үшін, өзге тіл — тірлік үшін» деген сөзін жалау етіп жүремін.
— Сіз секілді қазақ тілінде ағынан жарылып, мақалдатып сөйлемесе де, ауызекі тілде екі əріптің басын қоса алмайтын өзге ұлт өкілдері өте көп. Бұған не себеп деп ойлайсыз?
— Қазақстанның тəуелсіздікке қол жеткізгеніне ширек ғасыр болды. Əрине, қазақ тілінде сөйлей алмайтын немесе мүлдем түсінбейтін этнос өкілдері көп, оны мойындаймыз. Бірақ бұл да уақытша дүние. Елбасымыз жақын арада республика халқы толықтай қазақша сөйлейді деп сеніммен айтқан еді. Біз соған келе жатырмыз. Оның үстіне латын əліпбиі қолданысқа енгесін, қазақ тілін меңгеру процесі одан сайын үдей түседі. Қазақша үйренбей, мəнісін түсінбей жүргендер түптің түбінде көздері жететін болады. Бастысы, жүрек таза, ниет дұрыс болуы керек.
— Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге көп рақмет!