ҚАЗАҚСТАНЫМНЫҢ ҚАДІРІН БІЛДІМ
Жастардың көбісі шет елде білім алғанды армандайды. Өзге халықтың тұрмыс-тіршілігін көруді қалайды. Дегенмен, бәрінің жолы бола бермейтіні анық. Бүгінгі күннің де негізгі талады осы, дамыған елдерден қажетті тәжірибені жинақтап, туған жерге келіп аянбай еңбек ету. Бірақ, түрлі бағдарламалармен шет елде жүрген жастарымыздың жағдайы қандай?Кейбірі қиындыққа шыдамай елге оралып жатса, енді бірі жат елді жатсынбай сіңісіп кетеді. Осы ретте, Қызылорда облыс әкімінің грантымен Ресей елінде білім алып жүрген студенттердің бірімен тілдесуді жөн санадық.
– Сәлем, Айсана! Алдымен өзің туралы айтып кетсең?
–Сәлеметсіз бе?! Өрікбай Айсана Қанатқызы. Қазіргі таңда Ресей мемлекеттік К.А.Тимирязев атындағыаграрлық университетінің 2-курс студентімін. Болашақ мамандығым агроинженер. Сыр елінде аграрлық сала бірінші орында болғандықтан, таңдауым да осы бағыт болды.
– Шет елде Қазақстандағы жаңалықтарды қарап отырасың ба?
-Ия,әрине. Достарыммен, отбасыммен сөйлескенде айтып жатады. Қолым бос болған кезде ғаламтор арқылы оқып, көріп жүремін.
– Өзге елде жүргенде қандай қиыншылықтар кездеседі?
-Әрине, қиындық болады. Оқуға құжаттар тапсыратын кезде біраз қиналдық. Тілдік базамыз аздау болды. Себебі, қазақ мектебінде оқып, қазақы тәрбие көргендіктен, үйреніп кету үшін уақыт керек болды. Бір қуантатыны бізді ешкім «сен қазақсың», «сен мұсылмансың» деп бөліп,жарған жоқ. Қай кезде де бізге сыйластық қарайды. Біздің салт-дәстүріміз, тілімізді құрметтейді.
– Оқу жүйесінде қандай айырмашылық бар?
-Көп уақытымыз практика есебінде өтеді. Курстық,реферат,есептік жұмыстар мен қатар лабороториялық сағаттар көп. Білікті профессорлар қатаң тәтіппен сабақ береді. Бізден уақытты ұтымды пайдалануды талап етеді. Сол себепті, 1,5сағаттың қалай өткенін байқамай қаламыз.
– Бос уақытты қалай өткізесің?
-Менің бос уақытым көбінесе оқытушылар берген тапсырмаларды орындаумен өтеді. Одан бөлек, қазақ жастарының «Мұрагер»,»Жас тұлпар» деген ұйымдары бар. Сол жерде студенттер бас қосып, түрлі іс-шараларға дайындаламыз. Сыр елінің қыздары бірігіп, «Яксарт» деген топ аштық. Бұл жерде біз қазақ билерін орындаймыз.
– Туған жердің топырағы бөлек деп жатады, рас па?
-Қазақта айтады ғой, «өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деп. Туған жерді қатты сағынамын. Қанша жақсылық жасап жатса да, Қызылордаға қайтқым келіп тұрады. Шет елде жүріп, Қазақстанымның қадірін біліп жатырмын. Алла қаласа, елімнің болашағы үшін қызмет етуге дайынмын.
– Уақыт бөліп, сұқбаттасқаныңа рақмет! Оқуда абыройлы бол! Сәттілік!
Назерке ШАРАПАДДИН