БАЛАЛАР КӨЗ АУРУЫНА «КӨЗ ЖҰМЫП» ҚАРАМАЙЫҚ
Қазіргі таңда балалар арасындағы көздің көру қабілетінің төмендеуі күрделі мәселенің бірі болып тұр. Сондықтан да, бүгінгі айдарымызда оқырмандарымызға көз күтімі және жалпы көз ауруларының алдын алу жолдарының анық қанығына жету үшін облыстық балалар ауруханасы, емдеу кеңес беру бөлімшесінің көз дәрігері Айжан Бақбергеновамен болған сұхбатымызды ұсынғанды жөн көрдік.
- Айжан Жұпарбайқызы, әңгімемізді Қызылорда облысы бойынша көз ауруына шалдыққан балалардың жағдайынан бастасақ.
- Жалпы балалар арасындағы көз ауруының жиілеп кетуі әлем бойынша өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Ал облыс бойынша 18 жасқа дейінгі балалар арасындағы көз ауруына шалдыққан 248 мың 134 бала тіркеуде тұр. Өткен жылы орташа есеппен 4,5-5 мың бала қабылдауымда болды. Көп кездесетін түрі аномалия рефракция яғни алыстан көрмеушілік. Аурудың бұл түрі бойынша өткен жылы 1281 бала тіркелсе қыли көздікпен 350 бала қаралған. Қылилық өздігінен болатын ауру емес. Оның пайда болуына жарақат, психикалық зақым, ми аурулары себепкер болады. Жалпы статистика бойынша облыста 360 бала көз ауруларынан мүгедектікке шығып отыр.
- Көз аурулары қай жастан бастап анықталады?
- Біздің ата-аналарымыздың қателігі де сол баланың көз ауруларын мектеп жасына жеткен соң ғана анықтауға болады деп ойлайды. Өкіншке орай сәби көзінің ауырғанын, көру қабілетінің төмендегенін сезбейді. Дүниеге келгеннен кейін-ақ офтальмолог дәрігер сәбидің көзін қарау керек. Ол баладағы туа бітті көз ауруларын анықтауға мүмкіндік береді. Одан кейінгі тексерілу 6 айдан кейін, содан соң 1 жастан кейін тексерілсе көздің дамуын анықтауға болады.
- Суқараңғылық дертінің белгілері жайлы айтып өтсеңіз?
- Суқараңғы – көздің ішкі қысымының шамадан тыс артып кетуінен пайда болатын созылмалы көз ауруы. Кесел адамның әлеуметтік жағдайына қарамайды. Аурудың белгілері кейбір адамдарда байқалмайды және білінбейді. Науқас адам ешбір белгілерді байқамағандықтан уақыт өткізіп алса немесе біліп тұрып емделмесе 4-6 жыл ішінде зағип болып қалады. Сондықтан, әрбір адам көзі ауырса да ауырмаса да, көру қабілеті жақсы болса да жылына бір рет көз дәрігеріне тексеріліп, көздің ішкі қысымын өлшетуді әдетке айналдыруы қажет. Оның белгілері көздің алды тұманданғанда, алдындағы зат айқын көрінбесе, бір жақ көз, бас қатты ауырса, көз қызарып, қабақ ісінсе, көздің көруі нашарласа, көз дәрігеріне қаралыңыз. Себебі, суқараңғылық аяқ астынан дамып, көру қабілетінен айрылып қалу қауіптілігі жоғары.
- Дерттің алдын алуға бола ма? Көз күтімін қалай жасаймыз?
- Сау ата-анадан сау бала дүниеге келетіні белгілі. Сондықтан ана жүктілік кезінде зиянды заттардан аулақ болып, өз денсаулығына көңіл бөлу керек. Көз аурулары тұқым қуалауы немесе сыртқы ортаның жағымсыз әсері нәтижесінде жүре пайда болуы мүмкін. Мәселен, құрамында канцерогендердің жоғары мөлшері бар тағамды және басқа да зиянды заттарды қабылдағанда көз ауруы пайда болады. Ал көз үшін ең пайдалы көкөністерге сәбіз жатады. Жақсы көру үшін тамақтың құрамында А дәрумені болу қажет, ол ағзаның түрлі инфекцияларға қарсы тұру қабілетін жоғарылатады. Сонымен қатар, көздің сау болуы үшін С, В, В12 витаминдерінің де маңызы зор. Олар қан тамырларын бекітеді, орталық жүйке жүйесін қоректендіреді. Бала өсе келе көз ауруларына шалдықпауы үшін мына ережерді есте ұстаған жөн. Көзге ең пайдалы түс жасыл. Сондықтан балаңыздың бөлмесінің түс қағазын, пердесін, жиһаздарын жасыл түстен таңдауға кеңес берер едім. Сондай-ақ бүлдіршін жартылай қараңғы бөлмеде ұйықтауы керек. Оның ойыншықтарына баса назар аударыңыз. Қатты, үшк ір, ағаш, темір заттарының балалардың қолына бермеуге тырыңыз. Бала жазу үстеліне отырғанда жарық олардың сол жағынан түсіп тұру керек. Көз жанарының басты күтімі көздің гигиенасына баса назар аударып, түрлі жаттығуларды жасауды естен шығармағанымыз жөн.
- Бұл аурудың емдеу жолдары қандай?
- Қазіргі кезде мектеп жасындағы балалардың көзілдірікке мұқтаждығының артқандығы байқалады. Бала көзінің нашар көретіндігін ата-анасына айтпауы мүмкін. Ата-аналар да балаларының бұл кемшілігіне аса мән бермей теледидарға не болмаса компьютерге өте жақын отырғанда ғана байқап, дәрігердің қарауына алып келеді. Бұл жағдай көбіне көздің көруінің нашарлауы немесе асқынуларына әкеліп соғып жатыр. Қаралуға келген балаға міндетті түрде ем тағайындалады. Көздің көру қабілетін ретке келтіру мақсатында балалар көзілдірік кигені жөн. Көзілдірік пен линзаның айырмашылығы жайында айтатын болсақ линзаның көзілдіріктен айырмашылығы қос жанарының пішінін қайталып, еш кедергісіз көрсететіндігінде. Дегенмен ол аса ұқыптылықпен күтімді талап етеді.
- Жаңа технологиялардың көзге әсері туралы айтып кетсеңіз.
- Офтальмологтар соңғы уақытта балалар арасында да көз ауруларының көбейіп бара жатқандығын айтып дабыл қағуда. Бұл келеңсіздіктің жылдан жылға артуына әрине ата-ананың өз баласының денсаулығына жауапкершілікпен қарамауы ықпал етіп келеді. Мәселен, ата-ана өзінің құлағы тыныш болуды ойлап, баланың теледидар алдында сағаттап отыруына жол береді. Мұнан бөлек, бала компьютерде ойындар ойнайды, ұялы телефон, планшетпен сағаттар бойы отыратыны жасырын емес. Күні-түні телефонға, теледидарға, компьютерге шұқшиған баланың көзі тек жақыннан жақсы көруге қалыптасады. Нәтижесінде алыстан көрмеушілік дерті пайда бола бастайды. Әсіресе, алғаш мектепке барғанда міндетті түрде көзінің саулығын тексерткені абзал.
- Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан: Фариза ОМАРОВА