«ӨНЕР ӘЛЕМІНЕ ӨЗГЕШЕ ӨРНЕК САЛҒЫМ КЕЛЕДІ»
«Жанарым-ай» әнімен танылған сырбойылық жас әнші Бекзат Молдабергенов жуырда облыстың ең белсенді жастарына тағайындалатын «Сыр үміті» сыйлығымен марапатталды. Бұған дейін де түрлі байқаулардың жеңіс төрінен көрінген әншімен өнер жолындағы өзіндік бағыты, жаңашылдығы мен болашаққа деген мақсат-жоспарлары төңірегінде әңгіме өрбіткен едік.
– Бекзат, жуырда «Сыр үміті» сыйлығын облыс әкімінің қолынан алдыңыз. Бұл жетістік сіз үшін қаншалықты қымбат?
– Әрбір жетістік өзінше қымбат. Дегенмен, бұл сыйлықтың орны мен үшін ерек болды. Облыс әкімі өз қолымен табыстайды дегенде қобалжығаным рас. Сыйлықты аларда да «осы сыйлыққа лайықпын ба, қаншалықты лайықтымын?» деген сұрақтар маза бермеді. Жоғарыда айтып өткендей, мен үшін әр жеңісім бағалы. Осы кезге дейін республикалық, халықаралық байқауларда (Украинада) өнер көрсетіп, жүлделі болған болатынмын. Үздік 30 жастың қатарына енгенім сол жетістіктерімнің бағаланғаны деп есептеймін. – Жас әнші болғаныңызға қарамастан, тыңдарманды жеке ән кешіңізбен қуантып үлгірдіңіз. Халық алғашқы концертті қалай қабылдады, қандай деңгейде өтті деген ойдасыз?
– Концерт жақындаған сайын бойымда кішкене қорқыныш болды. Жатсам да, тұрсам да ойыма «халық қалай қабылдар екен?» деген ой орала берді. Бірақ кештің бағасын халық берді. Көрерменнің жылы қабылдап, ыстық лебізін білдіргеніне іштей ризамын.
– Киелі сахна мен құдіретті өнер туралы түсінігіңіз...
– Сахна шынында да киелі. Киелі сахна төріне шығу үшін дауыс ырғағында сұлу нақыш, келісті көркемдік болу керек. Сахнада өнер көрсету еріккеннің ермегі емес, кез келген адам сахнаға шықпасы анық. Тек шын талант иесі, дарынды жан ғана құдіретті өнерімен тыңдарманның жүрегін жаулай алады.
– Жалпы, кешті ұйымдастыру ісімен, стиліңізбен кім айналысады?
– Стиліме қатысты мәселелерді арнайы мамандармен, өнердегі достарыммен ақылдасамын. Продюсерге келетін болсақ, мен бір кездері белгілі продюсер Мира Келімбетовамен жұмыс істедім, алдағы уақытта биік белестерді бағындыратыныма, өзге де танымал продюсерлермен жұмыс жасайтыныма сенімдімін.
– Қандай мақсат, жоспарларыңыз бар?
– Басты мақсатым – өнер әлеміне өзгеше өрнек салып, тыңдармандарымды жаңа әндеріммен қуанту. Бейнебаян түсіру де жоспарымда бар.
– «Әннің бағын әнші ашады, әншінің бағын ән ашады» деген сөз бар. Әндеріңізді халық жақсы біледі. Дегенмен, бойтұмарыңыз қайсы?
– Халық мені «Жанарым-ай» әнімен таныды десем, қателеспеймін. Одан кейін Алмат Сақатовтың сөзіне жазылған Ермек Елгезековтың «Қыздар-ай» әнін сахнаға алып шықтым. Елу екі қыздың есімі аталатын туынды ел арасына тез тарап кетті. Бұл әнге сын да көп айтылды, сол жағдайдан кейін алдағы уақытта әннің сөзіне мұқият болу керектігін түсіндім.
– Айтулы мереке – Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойын ел болып тойлаудамыз. Тәуелсіздік құрдасы ретінде оқырманға ізгі тілегіңізді жолдасаңыз.
– Күрделі де қиын жылдарды еңсерген еліміз ширек ғасыр ішінде еңсесін тіктеді. Елбасымыздың байыпты саясатының арқасында туған жерімізде татулық пен келісім билік құрды. Жастарға арналған мүмкіндіктер көкжиегі кеңейді. Қалаған жерде білім алуға жағдай жасалып, замандастарым үшін танымал шетелдік университеттер қолжетімді бола бастады. Менің 25 жылдағы басты жетістіктерім де елімнің мерейлі белесімен астасады. Сондықтан да тәуелсіздік құрдасы болу мен үшін үлкен абырой.
Сұхбаттасқан
Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ