СЫР ХАЛҚЫНЫҢ ЕҢБЕКҚОРЛЫҒЫ ТӘНТІ ЕТТІ
Қазақ тілін туған тіліндей еркін көсіле сөйлейтін белгілі журналист, фоторепортер Максим Рожин көзі қарақты көпшілікке етене таныс. «Қазақтың сары баласы» атанып кеткен ол журналистика саласында өзіндік із қалдырып, бүгінде көрермен көзайымына айналып үлгерді. Телевизия саласында табанды қызмет атқарған Максимнің кейінгі жылдары фото репортер ретінде де керемет дүниелер жасап жүргендігінен хабардармыз. Осы орайда Сыр еліне жасаған іссапарында өзімен сұқбаттасудың сəті түсіп, əріптеспен болған əсерлі əңгімені өздеріңізге ұсынып отырмыз.
ҚАЗАҚ ТІЛІ БОЙЫМА КӨШЕДЕ СІҢДІ
– Максим, əңгіменің əлқисасын əуелі өзіңізден бастасақ...
– Негізі Алматы облысының тумасымын. 1983 жылы Қарасай ауданына қарасты Қаскелең қаласында дүниеге келдім. Мен алты жасқа толғанда отбасымызбен Арыс қаласына қоныс аудардық. Сол киелі топырақта аунап- қунап, өсіп-жетілдім. Мектеп қабырғасын бітіргеннен соң М.Əуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің «Жаратылыстану жəне педагогика» факультетіне оқуға түстім. Сөйтіп, еңбек пəнінің мұғалімі деген мамандық алып шықтым. Дегенмен, осы уақытқа дейін мамандығым бойынша жұмыс жасап көрмеппін.
– Байқаймын, қазақшаны бір кісідей-ақ еркін сөйлеп отырсыз. Өзге ұлт өкілі бола тұра, қазақ тілін жетік меңгеруіңіздің сыры неде?
– Қазақ тілі менің бойыма көшеде сіңді десем болады. 1989 жылы Арысқа көшіп келгенде ауылда орыс шаңырағы жалғыз біз болдық. Бір ауыз орысша білмейтін балалармен бірге тай-құлындай тебісіп өстім. Бірге ойнадық, бірге күлдік. Əйтпесе, қандайда бір қажеттіліктен туындаған соң, үйрендім дей алмаймын. Жалпы, өз елін құрметтейтін, қадірлейтін адам тілді де тез меңгереді деп ойлаймын. Ал, менің қазақ тілін еркін меңгеруіме араласқан ортам көмектесті. Дегенмен, өзіме бұл тұрғыда жоғары баға бермеймін. Себебі, қазақ тілін Абайдан артық ешкім білмеген дер едім. Біздікі тек орташа деңгейдегі ауызекі тіл деп ғана айта аламын. Сондықтан тіл жаттықтыруды əлі күнге дейін тоқтатқан емеспін.
– Ал, күнделікті өмірде қай тілді басым қолданасыз?
– Шынымды айтсам, 98 пайыз қазақ тілінде сөйлеймін десем өтірік болмас еді. Себебі, менің ортам, достарым, аудиториям – қазақ. Өмірлік серігім де қазақ ұлтынан. Сондықтан қазақ тілін кейінгі орынға ысырып қою мен үшін жат дүние.
– Мамандығыңыз – мұғалім, қызметіңіз – журналист. Бұл салаға қалай ат басын бұрып жүрсіз?
– Осыдан 10 жыл бұрын «Нұр Отан» партиясының жастар съезіне делегат болып бардым. Сонда Қазақстан жастары атынан «Астана» телеарнасына сұқбат бердім. Кейін отандық телеарна басшылығы менің мемлекеттік тілді жақсы меңгергеніме байланысты журналистикада бағымды сынап көруге шақырды. Бұл мен үшін күтпеген жағдай еді. Себебі, өзімді ешқашан көгілдір экран алдында елес тетіп көрген жан емеспін. Қызығушылық болғанымен, аздап жүрексінгенім рас. Содан бері міне, 8 жылдан астам уақыт осы саланың пұшпағын илеп келе жатқан жайым бар.
– Бұл салада бағыт-бағдар берген жандар туралы не айтасыз?
– Журналистиканың қыр-сырын оқып-тоқымағандықтан аз-кем олқылықтардың болатыны заңдылық. Осы тұрғыдан келгенде маған қол ұшын беріп, жөн сілтеген жандар аз болған жоқ. Олардың қатарындағы Əбдез Рахман, Бағдат Қожахметов, Мəди Манатбек, Оксана Петерс, Дина Төлепберген сынды өзге де білікті тілшілер білгендерін үйретуден аянбады. Мен де солардың қолдауларының, өзімнің қызығушылығымның арқасында біраз жетістікке қол жеткіздім деп айта аламын. «Астана», «7 арна», «24 kz» арналарында аз-кем тер төктім. «Елорда», «Нысана» мен өзге де бағдарламаларды тізгіндеу бұйырды. Жалпы, телевизия саласы мені көп нəрсеге үйретті десем артық айтқандық емес.
ҚЫЗЫЛОРДАҒА БҮЙРЕГІМ БҰРЫП ТҰРАДЫ
– Сізді фоторепортер ретінде де жақсы танимыз. Жасаған сапалы дүниелеріңіз көп көңілінен шығып жүр. Ел аралап, көздің жауын алар кереметтерді объективке түсіру сүйікті ісіңіз секілді...
– Дұрыс айтасыз, саяхатқа жаным құмар. Жер көріп, еліміздің табиғатын ғана емес, құнды жəдігерлерін, өндіріс ошақтарын суретке түсіріп, көппен бөліскенді ұнатамын. Мақсат – бізде де мақтануға тұрарлық дүниелердің бар екенін көрсету, дəлелдеу.
– Осы бағыттағы Сыр елінде болған іссапарыңыз туралы баяндап өтсеңіз. Алған əсеріңіз қандай?
– Жалпы, маған Қызылорда бөтен қала емес. Олай деуімнің себебі, менің əжем 1936 жылдары Ресейден Қазалыға қоныс аударып, біраз жыл сонда мекен еткен. Əжем үнемі қиын қыстау кезде қолдау білдірген ондағы халықтың қонақжайлығы мен бауырмалдығын сөз етіп отырады. Сондықтан да болар, бұл аймаққа бүйрегімнің бұрып тұратынын жасырмаймын. Өз басым, Сыр еліндегі ерекше серпілісті көріп, қуанып қалдым.
– Ел-жерді көп аралайсыз. Бұл сапарыңызда Алаштың Ақмешіті сізге несімен есте қалды?
– Алдымен, бұл сапардың мақсатын айтып өткен жөн болар. Ел Тəуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына орай облыс əкімінің тікелей қолдауымен бір жоба жүзеге асырылмақшы. Аталмыш жоба аясында Қызылорданың ширек ғасырда жеткен жан-жақты жетістіктерін паш ететін үлкен жинақ баспа бетін көреді деп жоспарлануда. Осы тұрғыда мен Аралдан Жаңақорғанға дейінгі аралықта орын тепкен ауыл-аймақты өз көзіммен көріп, ондағы жағдаймен терең таныстым. Басқа облыста кездеспейтін өндіріс нысандарының жұмыс жүйесіне қанықтым. Айтайын дегенім, осы сапар барысында Сыр жұртшылығының еңбекқорлығына қайран қалдым. Тынымсыз еңбек пен алға ұмтылушылық басым. Қай ауыл, қай ауданды көрсеңіз де қайнаған тіршіліктің ортасында. Өндіріс, жеке кəсіпкерліктердің де қарқынды дамығаны соншалықты жоспардан тыс жерлерге баруға да тура келді. Өйткені, аядай ауылдардағы осындай игілікті істер кім-кімді болса да қызықтыратыны сөзсіз. Мəселен, Нағи Ілиясов атындағы ауылдың өзі тұтас облыстың даму деңгейін паш етіп тұрғандай. Меніңше, осы қарқыннан таймау керек. Сонда ғана Ақмешіт айбарының асқақтай түсері хақ.
ТАЛАНТТАР АУЫЛДАН ШЫҒАДЫ
– Кезінде «ТехАС» КВН командасында өнер көрсеттіңіз. Қазіргі жас жайдарманшылардың ойынына қандай баға бересіз? Салмақты əзіл бар деп айта аласыз ба?
– Əрине, бар. Бізде ештеңе жоқ деп байбалам сала берудің қажеті жоқ деп ойлаймын. Талантты жастар бар, салмақты əзілдер айтылып жүр. Көрермен талғамынан өткен кез келген команда үздік. Мəселен, қызылордалық жайдарманшылардың өзінен «Қармақшы құрамасын», теңізде туып, теңізде өскен «Аралас» тобын ерекше атап өтер едім. Жалпы, кейінгі уақытта жайдарманда жақсы тренд қалыптасты. Ол өнер сахнасынан ауыл жастарының көптеп орын алуы. Ал, бұл дегеніңіз ауыл жастарының да қабілетті, бос уақыттарын тиімді өткізетінінің кепілі. Мен осы тұрғыдан алғанда ауылдан шыққан жайдарманшыларды ерекше қолдайтынымды жасырмаймын. Əрине, сапалы əзілге де лайықты баға беріледі.
– Əңгіменің арнасын тағы да өзіңізге бұрсақ. Соңғы кезде телевизия саласында төбе көрсетпей кеттіңіз. Алдағы уақытта сіздің ықпалыңызбен болатын ерекше жобаларға куə бола аламыз ба?
– Ия, сөзіңіздің жаны бар, көгілдір экранға шықпай жүргенім рас. Өйткені, өзгерісті, жаңалықты жаным сүйеді. Қазіргі таңда Астанадағы «Фотосүйерлер» клубының төрағасы қызметін атқарып жүрмін. Атқарылар жоспар да, жоба да көп. Бəрін уақыты келгенде тамашалай аласыздар деп ойлаймын.
– Уақыт бөліп, əңгімелескеніңізге рақмет!
Сұқбаттасқан: Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.