СӘУКЕЛЕ
Қазақ халқының салт-дәстүрінің ішіндегі ең ғажабы – сәукеле кигізу. Ол әйел киімдерінің ішінде ең асылы ғана емес, оның жұбайлық өміріндегі елеулі кезінің естен кетпес ыстық белгісі саналған.
Сәукеле ұзатылған қыз киетін аса қымбат, бағалы, кәделі әрі әсем бас киім. Сәукеле 2-3 қарыстай биік, ол дөңгелек төбе жағына қарай жіңішкере береді. Жоғарғы жағына үкі тағылады. Сәукеленің өн бойы қымбат маталармен қапталып, оның сыртына алтын, күміс, інжу-маржан, меруерт, лағыл сияқты асыл тастардан жасалған моншақтар тағылады, түрлі-түсті қымбат жіптермен тігіледі, безендіріледі.
Матасына әшекей, шашақ, оқа тағылып, жиегіне бұлғын, құндыз терілерінен жұрын ұсталады. Бастан қисайып немесе түсіп кетпеу үшін тамақтан өткізетін бау тағылады. Екі құлақ тұсына омырауға жететін құлақша тоқылады. Сәукеленің артқы жағына ұзындығы жерге жететіндей ақ желең тағылады.
Бұлаңдап өскен оң жақтағы және ақ босаға аттар сәттегі қимас та, қызықты кездің ескерткішіне баланған сәукеле кигізудің өзі бір ерекше салтанат.
Шапан келді – сын келді,
Қызыл тілім қимылда.
Жүруші едім алшақтап,
Тақия тіктім моншақтап,
Жеңгелерім жиналып,
Келдің бе киім құшақтап, – дейді аттанайын деп отырған қалыңдық.
Сәукелені өте шебер әйелдер тігеді. Ұзатылған қыздың дәрежесі осы сәукелесіне қарап бағаланады. Әрине, мұндай бағалы бас киімді байлар мен өте ауқатты адамдардың қыздары киеді.
Дәстүр бойынша қызға сәукелені, басқа да киімдерін әкесінің үйінде ұзатылар сәтте жеңгелері арнайы келіп оң жақтағы үкілі тақиясының орнына кигізіп, енесінен байғазы алған. Ол байғазының бағасы да олқы болмаған. Бұған құда-құдағилар шақырылған. Олар көрімдік атаған. Шашу шашылып, ақ бата арналған.
Қастерлі бас киімді кигізгені үшін ауылдың сыйлы әйелі күйеу жігіттен сыйлық алған. Сәукелесін киіп отырған жас келінді жұрттың бәрі көруге ынтық болады. Оның көрімдігі де соған лайық болуы керек. Көрсе көздің жауын алатын осы бұйым тек келіншек сәні ғана емес, той салтанаты мен құдалар беделін де көтере түсетін ерекше көрініс.
Сәукеле тек бас киім емес, ол - қазақ халқының байлығы мен сән-салтанатының, мәдениеті мен өнерінің озық үлгісі, өнер туындысы ретінде бағаланатын өте қымбат этнографиялық мүлік. Сонымен бірге ол - қазақтың қыздарына деген көзқарасының да бір белгісі. Дәстүр бойынша сәукеле тек ұзатылатын қыздарға ғана кигізіледі, оны айырбастамайды, басқаға киюге беруге болмайды.
Ескі салт-дәстүрдің жарқын көрінісі қасиетті сәукеле ғасырлардан келе жатқан асыл мұра.
Г.АСҚАРҚЫЗЫ